Google бағдарламалау мен бірнеше кезеңнен тұратын тапсырмаларды орындауға арналған Gemini 4 Hydrogen атты жаңа AI моделін ұсынды. Ол жылдамдығы мен API арқылы пайдалану құнының қолжетімділігіне басымдық береді. Модель жай ғана сұрақтарға жауап беріп қоймай, ақпарат іздеуге, сыртқы құралдармен жұмыс істеуге, код жазуға және оны тексеруге қабілетті, деп хабарлайды Tech-news.
Gemini 4 Hydrogen контекстік терезесі 1 миллион токенді құрайды. Бұл модельге бір уақытта үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, онда ойлау тереңдігін реттейтін төрт деңгей бар: low, medium, high және xhigh. Пайдаланушы тапсырманың күрделілігіне қарай жылдамдықты, шығынды немесе талдау сапасын таңдай алады.
Google API арқылы пайдаланудың бағасын да жариялады. Бір миллион кіріс токені $1,5, ал бір миллион шығыс токені $7,5 тұрады.
Жаңа модельді жеке қолдануға немесе Gemini 4 Carbon және Gemini 4 Argon нұсқаларымен бірге іске қосуға болады. Осы мақсатта Google Antigravity сервисіне Orchestrator құралын енгізді. Ол тапсырмаларды бірнеше модель арасында автоматты түрде бөліп береді. Мысалы, Carbon жобаның архитектурасын әзірлеп, күрделі талдау жүргізсе, Hydrogen код жазу, өзгерістерді тестілеу және нәтижені тексеру жұмыстарын атқарады.
Google мәліметінше, Gemini 4 Hydrogen қателерді түзету, көлемді код репозиторийлерін талдау және құжаттармен, кестелермен, графиктермен жұмыс істеу кезінде тиімдірек. Бұған қоса, модель аудио мен бейне материалдарын өңдей алады. Компания оның нұсқауларды дәлірек орындап, сыртқы құралдарды дұрыс пайдалануына және жалған ақпарат беру ықтималдығын азайтуына назар аударған.
Gemini 4 Hydrogen біртіндеп Google AI Studio, Gemini API, Gemini қосымшасы, Google Search және Google Sheets платформаларына енгізіле бастады. Сондай-ақ модель компанияның корпоративтік өнімдерінде қолжетімді болады. Оны әзірлеушілер мен бизнес өкілдері, сондай-ақ Google AI Pro және Ultra жазылымдарының пайдаланушылары қолдана алады.









