Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық конференциясында Ресейдің ғылыми-технологиялық әлеуетіне жоғары баға берді. Ол елдің инженерия, есептеу техникасы және инновациялық инфрақұрылым салаларындағы жетістіктеріне тоқталып, «Сбер» мен «Яндекс» компанияларының әзірлемелерін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Tech-news.
Сөз басында Мемлекет басшысы форумға шақырғаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге алғыс білдірді. Сондай-ақ Ресейдің ғылым мен технологияны дамытуда қалыптасқан тарихи тәжірибесіне назар аударды.
Тоқаевтың айтуынша, Ресей Михаил Ломоносов, Дмитрий Менделеев, Николай Лобачевский, Александр Попов, Сергей Королев және Константин Циолковский секілді ғалымдар мен өнертапқыштардың еңбегі арқылы әлемдік ғылымның дамуына елеулі үлес қосты.
Президент есептеу техникасының қалыптасуындағы маңызды кезеңдердің бірін де еске салды. Академик Сергей Лебедевтің жетекшілігімен әлемдегі алғашқы электрондық есептеуіш машиналарының бірі жасалған. Бұл оқиға жаңа технологиялық жүйелердің дамуына жол ашты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі Ресейдің де ғылыми-технологиялық әлеуетін сақтап, оны дамытуға күш салып отырғанын айтты. Оның сөзінше, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының деректерінде Ресей бірегей конструкциялар мен модельдерге берілген өтінімдер саны бойынша әлемде екінші орында тұр.
Мемлекет басшысы Ресейдің жетекші технологиялық компаниялары – «Сбер» мен «Яндекстің» әзірлемелерін де атап өтті. Ол екі компанияның өнімдері Қазақстан нарығында кеңінен танымал екенін, ал «Яндекс» елдегі ірі жұмыс берушілердің біріне айналғанын жеткізді.










