Amazon AI-инфрақұрылымын дамыту үшін Decart стартапының технологияларын сатып алып, оның негізін қалаушылар мен инженерлерін өз командасына қосады. Bloomberg мәліметінше, мәміленің құны шамамен 7,5 млрд доллар болуы мүмкін. Алайда компаниялар ресми соманы жариялаған жоқ, деп хабарлайды Tech-news.
Decart AI-модельдердің жұмысын жеделдетуге арналған Decart Optimization Stack бағдарламалық жүйесін әзірлейді. Ол компанияларға жасанды интеллект модельдерін жылдам іске қосуға және әртүрлі өндірушілердің чиптері арасында ауысуға мүмкіндік береді. Жүйе NVIDIA, Amazon және Google процессорларымен жұмыс істей алады.
Amazon стартаптың технологияларын AI-модельдерді іске қосу кезіндегі есептеулерді оңтайландыруға және өзінің Trainium чиптерін дамытуға пайдалануды жоспарлап отыр. Бұлтты есептеу қызметтерін ұсынатын AWS осылайша AI-инфрақұрылым нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтпек.
Decart 2023 жылы құрылған. 2026 жылдың мамырында стартап Radical Ventures жетекшілік еткен инвестициялық раундта 300 млн доллар тартты. Сол кезде жобаға NVIDIA да қаржы құйған.
Бұл келісім Amazon-ның AI нарығындағы бәсекесін күшейтеді. Қазір AWS жасанды интеллект модельдерін оқытуға және іске қосуға қажетті есептеу қуатын ұсыну бағытында NVIDIA, Google және Microsoft компанияларымен бәсекелесіп келеді.










