Мәжіліс қабырғасында өткен Үкімет сағатында еңбек нарығының түбегейлі трансформациясы мен кадр даярлау мәселелері қызу талқыланды. Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева өз баяндамасында Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі алдағы онжылдықта бұрын-соңды болмаған демографиялық және технологиялық қысымға тап болатынын ашық айтты, деп хабарлайды Tech-news.
Еңбек нарығындағы «цифрлық цунами»
Баяндаманың ең селт еткізер тұсы жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсері туралы деректер болды. Еңбек министрлігінің болжамынша, 2035 жылға қарай еліміздегі 562 кәсіп немесе нарықтың 44 пайызы жасанды интеллектінің ықпалымен қатты өзгереді. Бұл шамамен 4 миллион адамның күнделікті атқарып жүрген ісі жаңа технологияларға бейімделуі тиіс деген сөз.
«46 кәсіп (362 мың адам) қысқарады, ал 14 кәсіп (49 мың адам) мүлдем жоғалады. Сонымен қатар, жасанды интеллект пен экономика салаларының қиылысында жаңа мамандықтар қалыптасуда», — деді Дания Еспаева.
Мұндай жағдайда жоғары білім беру жүйесі цифрландыру мен автоматтандыруға икемді мамандарды даярлап үлгеруі тиіс. Осы мақсатта соңғы бес жылда салаға бөлінетін қаржы 246 млрд теңгеден 472 млрд теңгеге дейін, яғни екі есеге жуық артқан. Бірақ қаржының өсуі мәселенің бәрін шешіп отырған жоқ.
Университет түлектері неге мамандығымен жұмыс істемейді?
Мәжіліс вице-спикері жоғары білім жүйесіндегі ең өзекті проблемаларды жіпке тізді. Ең бастысы — еңбек нарығындағы сұраныс пен мемлекеттік гранттардың арасындағы алшақтық. Қазіргі таңда әрбір үшінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс таппайды немесе істегісі келмейді.
«Еңбек нарығындағы сұраныс мемлекеттік білім беру тапсырысы түзетілгеннен әлдеқайда жылдам өзгеруде, бұл бір мамандықтар бойынша артық даярлауға, ал басқалары бойынша тапшылыққа әкеледі», — деп атап өтті баяндамашы.
Тағы бір күрделі мәселе — демография. Болжам бойынша, 2040 жылға қарай талапкерлер саны екі есеге артып, 440 мыңнан асады. Жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы мен оқытушылар құрамы мұндай «демографиялық жүктемеге» дайын ба деген сұрақ ашық қалып отыр.
Оқытушылардың ойлау жүйесін өзгерту қажет
Дания Еспаеваның пікірінше, тек оқу бағдарламаларын жаңарту жеткіліксіз. Ең алдымен, оқытушылардың технологияға деген көзқарасы өзгеруі тиіс. Профессорлық-оқытушылық құрам жасанды интеллектіні студенттерге кедергі емес, тиімді құрал ретінде пайдалануды үйретуі керек.
Сондай-ақ, инженерлік мамандықтарға деген қызығушылықтың төмендігі де сынға алынды. Биыл 18,8 мың грант инженерлік бағытқа бөлінгенімен, көптеген талапкерлер бұл мамандықты саналы түрде емес, тек «тегін оқу» үшін ғана таңдайтыны жасырын емес.










