Қазақстанда газ тұтынатын барлық абонент 2030 жылға дейін қашықтан дерек жіберетін «ақылды» есептеуіш құралдарға көшірілуі мүмкін. Тиісті нормалар газбен жабдықтау және электр энергетикасы мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген түзетулер аясында Сенатта мақұлданды, деп хабарлайды Tech-news.
Қазақстанда газ саласын цифрландыруға бағытталған жаңа өзгерістер қабылданды. Сенат депутаттары газбен жабдықтау және электр энергетикасы мәселелері бойынша заң жобасын екі оқылымда қарап, қолдады.
Құжаттағы негізгі жаңалықтардың бірі – газ тұтынуды толық цифрлық бақылауға көшу. Заңға сәйкес, 2030 жылға дейін елдегі барлық газ абоненттері қашықтан дерек жіберетін «ақылды» есептеуіш құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс.
Қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 2,8 миллион газ тұтынушысы бар. Алайда олардың тек 3,5 пайызы ғана деректерді автоматты түрде жеткізе алатын заманауи есептегіштерді пайдаланады.
Жаңа жүйе тұтынушылардың көрсеткіштерді қолмен тапсыру қажеттілігін азайтып, есеп жүргізуді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар газды тұтыну көлемін дәлірек бақылауға және шығындарды басқаруға жағдай жасайды.
Маңыздысы, халық үшін жаңа есептеуіш құралдарды орнату шығындарын газ жеткізуші ұйымдар өз қаражаты есебінен көтереді.
Заң жобасы аясында газ тұтынушыларын жаңа санаттарға бөлу де ұсынылды. Енді тұтынушылар газ пайдалану көлеміне қарай «коммуналдық-тұрмыстық» және «өнеркәсіптік» топтарға ажыратылады.
Бұл өзгеріс кейбір нысандардың ресми түрде тұрмыстық тұтынушы саналғанымен, іс жүзінде газды өндірістік көлемде пайдалануына байланысты енгізіліп отыр. Мысалы, сауда және ойын-сауық орталықтары жерасты автотұрақтарын жылыту үшін айтарлықтай көлемде газ тұтынады.
Сонымен қатар жергілікті әкімдіктерге сұйытылған газбен жүретін көліктер санына қарай автогаз құю станцияларының шекті санын анықтау құқығы беріледі.
Сенат мәліметінше, бүгінде елде 3 мыңнан астам автогаз құю станциясы жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда үш есе өскен. Қазіргі таңда заңды түрде жұмыс істеп тұрған барлық станциялар өз қызметін бұрынғыдай жалғастыра береді.
Жалпы алғанда, қабылданған түзетулер газ нарығын цифрландыруды жеделдетуге, ресурстарды тиімді пайдалануға және тұтынуды нақты есепке алуға бағытталған.







