Қазақстанда еңбек жағдайы зиянды және қауіпті жұмыстарда 479 мыңға жуық адам еңбек етеді. Олардың басым бөлігі өнеркәсіп, тау-кен және өңдеу секторларында жұмыс істейді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқар Ертаев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Tech-news.
Зиянды өндірісте жұмыс істейтіндердің көбі өнеркәсіпте
Министрдің айтуынша, зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтіндердің 61%-ы өнеркәсіп саласында еңбек етеді. Оның ішінде 173 мың адам тау-кен өндірісінде, 122 мың адам өңдеуші өнеркәсіпте жұмыс істейді.
Электр энергиясы мен газбен жабдықтау секторында тағы 40 мың адам еңбек етеді. Бұл барлық зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің 8,5%-ын құрайды.
Өңірлер бойынша ең жоғары көрсеткіш Қарағанды облысында тіркелген – 84 мың адам. Одан кейін Павлодар облысы (57 мың), Маңғыстау облысы (43 мың) және Шығыс Қазақстан облысы (43 мың) тұр.
Өндірістік жарақатты жасыру фактілері әлі де бар
Еңбек министрлігі өндірістік жарақаттарды жасыру мәселесі өзекті болып отырғанын атап өтті.
2026 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша жұмыс берушілердің өндірістік жарақатты жасырған 39 фактісі анықталған. Мұндай жағдайлардың көбі қызмет көрсету саласында тіркелген – 18 оқиға. Құрылыс пен өңдеуші өнеркәсіпте бес жағдайдан анықталған.
Аймақтар арасында Атырау облысы көш бастап тұр – 10 жағдай. Астанада 7, Ақмола облысында 6 факт тіркелген.
22 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды
Биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары 2400-ден астам жоспардан тыс тексеру жүргізген.
Нәтижесінде еңбек заңнамасының шамамен 2800 бұзушылығы анықталып, жұмыс берушілерге 1630 міндетті нұсқама берілген. Сонымен қатар 532 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның 392 млн теңгесі өндірілген.
Қабылданған шаралардың арқасында 22 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалған.
Өндірістегі өлім-жітім азайған
Министрдің мәліметінше, еңбек қауіпсіздігі саласындағы жұмыстар нәтижесінде өндірістегі жазатайым оқиғалар саны төмендеген.
2024 жылмен салыстырғанда өндірістік жарақаттану 4,5%-ға азайып, 1408 жағдайдан 1345 жағдайға дейін қысқарған. Ал өлімге әкелген оқиғалар саны шамамен 8%-ға төмендеп, 202-ден 188 жағдайға дейін азайған.
Ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінде (16%), құрылыс саласында (10%) және мұнай-газ секторында (5%) тіркелген.
Еңбек қауіпсіздігін бақылау цифрландырылмақ
Қазіргі уақытта министрлік 98 мың кәсіпорынды қамтитын Еңбек тәуекелдері картасы арқылы әлеуметтік-еңбек ахуалын бақылап отыр.
Жүйе еңбек заңнамасын бұзу қаупі бар кәсіпорындарды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Биыл картаны Қаржы, Әділет, Денсаулық сақтау министрліктері мен Бас прокуратураның ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жоспарланып отыр.
Министрлік сондай-ақ кәсіптік тәуекелдерді бағалау жүйесін жаңартып, оны толық автоматтандыруды көздеп отыр. Жаңа модель әр қызметкердің жұмыс орнын жеке бағалауға, электронды есеп жүргізуге және мемлекеттік еңбек инспекциясының цифрлық мониторингін енгізуге мүмкіндік береді. Жүйе 2026 жылдың екінші жартыжылдығында іске қосылады.
Жыл соңына дейін қандай көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланған?
Еңбек министрлігі жыл соңына дейін жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамтылған ұйымдар санын 130 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар өндірістегі өліммен аяқталатын оқиғалардың жиілік коэффициентін төмендету және өндірістік жарақатты жасыру жағдайларын азайту көзделген.
Министрлік ұсынған шаралар еңбек қауіпсіздігін күшейтіп, еңбек жанжалдарының алдын алуға және жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды арттыруға бағытталған.










