Мемлекет басшысы «Digital Qazaqstan» — 2029 жылға дейінгі цифрландыру мен жасанды интеллектті жаппай енгізу стратегиясын бекітті. Құжат елдің барлық негізгі салаларында AI мен цифрлық технологияларды жүйелі түрде енгізуге бағытталған, деп хабарлайды Tech-news.
Қазақстанда цифрлық трансформацияның жаңа кезеңі басталды. Мемлекет басшысы «Digital Qazaqstan» атты жалпыұлттық стратегияны бекітті. Ол 2029 жылға дейін елді кең ауқымды цифрландыруды және жасанды интеллект технологияларын енгізуді көздейді.
Жарлықтың толық мәтіні алдағы уақытта ресми баспасөзде жарияланады.
Жаңа стратегияның негізгі идеясы — мемлекеттік басқару, экономика және әлеуметтік салаларда цифрлық шешімдерді тереңдету. Яғни, сервис пен процестерді автоматтандыру, деректерге негізделген басқару модельдерін кеңейту және AI құралдарын кеңінен қолдану.
Қарапайым тілмен айтқанда, бұл құжат мемлекеттік жүйелерді «ақылды» етуге бағытталған: қызметтерді жылдамдату, бюрократияны азайту және цифрлық инфрақұрылымды күшейту.
«Digital Qazaqstan» аясында жасанды интеллект тек жеке жобалар деңгейінде емес, тұтас ұлттық саясаттың негізгі элементтерінің біріне айналмақ.










