Президент Қазақстанның алдында толыққанды цифрлық мемлекет қалыптастыру міндеті тұрғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – жасанды интеллектіні құқықтық тұрғыдан реттеп, оны мемлекеттік басқару мен экономиканың негізгі салаларына кезең-кезеңімен енгізу, деп хабарлайды Tech-news.
Мемлекет басшысы қазіргі Парламенттің цифрлық заңнаманы қалыптастыруға елеулі үлес қосқанын атап өтті. Оның сөзінше, әлемде жасанды интеллектіні реттеуге арналған дайын құқықтық модель болмағанына қарамастан, Қазақстан осы бағыттағы заңнамалық базаны ерте қалыптастырған елдердің қатарына қосылды.
«Жаңа Конституция азаматтардың киберкеңістіктегі дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Бұл – Цифрлық Қазақстанды құрудың негізгі алғышарты», – деп мәлімдеді Президент.
Сонымен қатар Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заңды қабылдады. Бұл құжаттар цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және жаңа технологияларды экономикаға енгізуге қажетті құқықтық орта қалыптастырды.
Мемлекет басшысы қазірдің өзінде алғашқы нәтижелер байқалып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан «Үкіметтің жасанды интеллектіге дайындық индексі» бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Дегенмен бұл көрсеткіш алдағы жұмыстың тек бастамасы екенін айтты.
Президент маусым айының басында бекітілген Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы цифрлық трансформацияның негізгі бағытын айқындайтынын жеткізді. Құжат жасанды интеллектіні экономиканың басым секторларына енгізуді және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруды көздейді.
Сөз барысында банк секторындағы цифрлық қаржы активтеріне қатысты заңнамалық өзгерістер де айтылды. Президенттің мәліметінше, қаңтар айында қабылданған заңдар цифрлық қаржы активтерінің айналымына арналған құқықтық талаптарды нақтылады.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Реттеу жөніндегі интеллект орталығы құрылған. Бұл құрылым заңнаманы жүйелеуге, реттеуді жаңғыртуға және кәсіпкерлер үшін әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған.
Президенттің айтуынша, алдағы кезеңде «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін e-Government Business экожүйесін дамыту бизнеске мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта ыңғайлы әрі жылдам алуға мүмкіндік береді.










