Без категории

Alatau City-де eVTOL аэротаксиінің алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті

Қазақстан өңірде қалалық әуе мобильділігің толыққанды экожүйесін, яғни  аэротаксиді, жеткізуші дрондарды және цифрлық навигацияны ұсынған алғашқы ел болды, деп хабарлайды Tech-news.

Қазақстанда технологиялық болашаққа маңызды қадам жасалды: ЖИ және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Alatau City алаңында тік ұшып-қонатын инновациялық электрлі ұшу аппаратының — көбіне аэротакси ретінде белгілі eVTOL-дың алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті.

Жоба қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) компаниясының АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея және Италияның жетекші технологиялық ойыншыларымен серіктестіктегі тек жеке инвестициялары есебінен толықтай іске асырылуда. Өңірдегі қалалық әуе мобильділігін дамытуға бағытталған салымдардың жалпы көлемі 300 млн АҚШ долларына бағаланып отыр.

Мұндағы басты оқиға бір ұшқыш пен бес жолаушыға есептелген AutoFlight Prosperity жолаушылар аппаратының ұшуы. Ол 13 электр моторымен жабдықталған, сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдық пен қашықтықты бір қуаттылықпен бағындыра алады. Дәстүрлі авиациядан ерекшелігі, бұл көлік іс жүзінде дыбыссыз жұмыс істейді және зиянды CO₂ шығарындыларын бөлмейді. Қауіпсіздіктің қатаң халықаралық талаптарына сәйкес, алғашқы сынақ ұшуы бортында адамдарсыз орындалды.

Инновациялық экологиялық көлікті дамыту елдің цифрландыру және технологиялық көшбасшылық жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиясына толықтай сай келеді.

«Бүгін Қазақстан жаңа буын көлігін дамытуда маңызды қадам жасап отыр. eVTOL демонстрациялық ұшулары қалалық әуе ұтқырлығының серпінді технологиялары тұжырымдамадан біртіндеп тәжірибеге көшіп жатқанын көрсетеді.

Alatau City үшін бұл ақылды қаланың жаңа инфрақұрылымын қалыптастыру деген сөз. Әңгіме аэротакси мен вертипорттардан бастап цифрлық навигация мен жүк дрондарына дейінгі тұтас экожүйені құру туралы болып отыр. Қазақстанда төмен биіктіктер экономикасы дәл осылай дами бастайды.

Біз мұндай шешімдердің елге келуіне, қалаларымызға бейімделуіне және азаматтардың өмір сүру сапасына, бизнесті дамытуға және Қазақстанның технологиялық бәсекеге қабілеттілігіне жұмыс істеуіне жағдай жасаймыз», — деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Ұйымдастырушылар мәселе тек жекелеген аппараттарды пайдалануда емес, жаңа сала — «төмен биіктіктер экономикасын» құру туралы болып отырғанын алға тартады. Іс-шарада сондай-ақ, корейлік және қытайлық әзірлеушілердің (Korea Airports Corporation және Shenzhen Urban Transportation Planning Center) UATM цифрлық навигациялық платформасы арқылы басқарылатын Keeta Drone (Қытай) және A2Z (АҚШ) компанияларының жүк жеткізуге арналған ұшқышсыз жүйелері таныстырылды. Morgan Stanley және McKinsey жетекші әлемдік талдаушыларының болжамдары бойынша, қалалық әуе ұтқырлығы алдағы онжылдықтарда әлемдік экономиканың түйінді салаларының біріне айналады.

Аэротаксиді аймақтың күнделікті өміріне кіріктіру үшін Alatau City-де алғашқы вертипорттың — аппараттардың ұшуына, қонуына және зарядталуына арналған шағын әрі технологиялық жерүсті алаңының құрылысы басталып кетті. Жобалаумен халықаралық UrbanV компаниясы айналысуда. Болашақта бірыңғай әуе желісі Alatau City, Алматы қаласын және Алматы облысының негізгі туристік орындарын байланыстырады. Мысалы, Алматы әуежайынан Медеу биік таулы курортына дейінгі есептік жол жүру уақыты небәрі 10-12 минутты құрайтын болады.

«Біздің міндетіміз — жай ғана технологияны әкелу емес, толыққанды индустрияны: инфрақұрылымды, инженерлік құзыреттерді және қазақстандық мамандар үшін жаңа жұмыс орындарын құру. Alatau City нөлден бастап жобалануда, бұл бірегей артықшылық болып табылады, өйткені мұнда әуе ұтқырлығын қаланың бас жоспарына ең басынан бастап енгізуге болады», — деп жоспарларымен бөлісті Alatau Advance Air Group Ltd. компаниясында.

Ауқымды технологиялық серпіліс үшін құқықтық негіз де дайындалып қойған болатын. 2026 жылғы 8 мамырда Мемлекет басшысы «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қол қойды, ол Urban Air Mobility үшін эксперименттік құқықтық режимдер мен арнайы әуе аймақтарын құруды қарастырады. Қазіргі уақытта AAAG компаниясы мемлекеттік органдармен бірлесіп жаңа қаланың «әуе кодексін» қалыптастыратын 40-қа жуық нормативтік актіні әзірлеуге қатысуда, ал ұлттық авиация заңнамасына тиісті түзетулер Парламент Мәжілісінің қарауында.

Сонымен қатар, жобаны дамыту аясында AAAG AutoFlight компаниясымен V2000/V5000 сериялы 50 аппаратты жеткізуге меморандумға қол қойды. Бұл келісім техниканы сатып алудан бөлек, ноу-хауды толыққанды трансферттеуді, қазақстандық мамандарды оқытуды, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету және жөндеу (MRO) өңірлік орталығын құруды қарастырады.

AutoFlight өкілдері атап өткендей, «бүгінде eVTOL технологиялары электромобильдер осыдан 10-15 жыл бұрын бастан өткерген қарқынды өрлеу кезеңінде тұр, және Қазақстан бұл жаһандық трансформацияға алғашқылардың қатарында кіріп жатыр».

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *