Интересное

Балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі қауіпсіздігі

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты шектеу мәселесі талқыланғанда, негізгі сұрақ тек аккаунт ашуға рұқсат берілетін жасқа тірелмейді. Балалар интернеттегі қауіпті қаншалықты тани алады? Ата-аналар оларды қорғаудың қандай тәсілдерін біледі? Мектептер цифрлық қауіпсіздікті жүйелі түрде үйрете ме?

Бүгінде әлеуметтік желілер жасөспірімдер үшін қарым-қатынас орнататын, ақпарат іздейтін, шығармашылығын көрсететін және өзіндік көзқарасын қалыптастыратын ортаға айналды. Алайда осы кеңістікте кибербуллингке, алаяқтыққа, жеке деректердің таралуына және зиянды контентке тап болу қаупі де бар.

TikTok пен Instagram секілді платформалар жасөспірімдерге арналған қауіпсіздік функцияларын ұсынғанымен, олардың болуы барлық қауіптің жойылғанын білдірмейді.

Бұл мультимедиалық зерттеу әлеуметтік желілерге жас шектеуін енгізу туралы ұсыныстарды, отбасылар мен мектептердің цифрлық сауаттылығын және жасөспірімдердің онлайн қауіптерге қалай жауап беретінін қарастырады.
Айта кетейік, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Цифрлық медианы басқару мамандығының 4-курс студенттері балалар мен жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігіне арналған QAUIPSIZ NET ақпараттық жобасын құрды.

Жас шектеуі: мәселенің заңнамалық жағы

Әлеуметтік желілерге жас шектеуін енгізу туралы ұсыныстар балаларды цифрлық кеңістіктегі қауіптерден қорғау мәселесін алдыңғы қатарға шығарады. Бірақ ұсыныстың жариялануы мен оның заң ретінде қабылдануы – екі бөлек кезең.

Кибербуллинг, бейтаныс адамдардың балалармен байланыс орнатуы, жеке деректердің таралуы, зиянды контентке тап болу және экран алдында шамадан тыс уақыт өткізу мәселелері көптеген елдің күн тәртібіне шықты. Әлеуметтік желілердің ұсыныс алгоритмдері пайдаланушының қызығушылығына қарай контент көрсетеді. Алайда мұндай жүйелер кейде жасөспірімдерді біртекті, мазасыздық тудыратын немесе қауіпті мінез-құлықты насихаттайтын материалдарға қайта-қайта бағыттауы мүмкін.

Осы мәселеге байланысты мемлекеттер түрлі тәсілді таңдауда. Бір елдер жас шектеуін заңмен бекітсе, екіншілері платформаларға балаларды қорғау жөніндегі міндеттер жүктеп, ата-аналық бақылау мен цифрлық сауаттылықты дамытуға басымдық береді.

  • Австралия балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты қатаң шектеуді іске асырған елдердің бірі болды. 2024 жылы елдің парламенті әлеуметтік желілердегі ең төменгі жас мөлшеріне қатысты заңнамалық өзгерістерді қабылдады. Жаңа талаптар 2025 жылғы 10 желтоқсанда күшіне енді. Оған сәйкес, заңмен қамтылған әлеуметтік желі платформалары Австралияда тұратын 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың аккаунт ашуына немесе бұрыннан бар аккаунтын сақтап қалуына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдауға міндетті. Заң балалар мен олардың ата-аналарын жазалауға емес, платформалардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Яғни компаниялар белгіленген талаптарды орындау үшін пайдаланушының жасын анықтау және жас шектеуін сақтау тетіктерін енгізуге тиіс.Австралияның eSafety Commissioner органының 2026 жылғы 16 қаңтарда жарияланған мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы желтоқсанның ортасына қарай жас шектеуі енгізілген платформалар Австралияда 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың 4,7 миллион аккаунтына қолжетімділікті тоқтатқан. Бұл көрсеткіш өзгерістің ауқымын көрсетеді, бірақ оны 4,7 миллион баланың саны деп түсінуге болмайды: бір баланың бірнеше аккаунты болуы ықтимал.

Ұлыбританияның тәсілі бірнеше бағыттан тұрады. Бір жағынан, елде балаларды интернеттегі заңсыз әрі зиянды контенттен қорғауға арналған заңнамалық міндеттер енгізілген. Екінші жағынан, үкімет әлеуметтік желілерді пайдалану жасына қатысты қосымша шектеулерді қарастырып отыр.

2023 жылы қабылданған Online Safety Act — онлайн қауіпсіздік туралы заң — цифрлық платформаларға балаларды қорғауға қатысты міндеттер жүктеді. Заңның балалар қауіпсіздігіне арналған талаптары 2025 жылдың шілдесінен бастап іске асырыла бастады. Ұлыбританияның байланыс саласын реттеуші Ofcom ұйымы платформалардың заң талаптарын орындауын қадағалайды.

Бұл ретте барлық қызметке бірдей жас шектеуі қолданылмайды. Белгілі бір контентке қолжетімділікті шектеу, пайдаланушының жасын тексеру, балаларға арналған қауіпсіздік параметрлерін қамтамасыз ету және зиянды материалдардың таралуына қарсы шаралар платформаның қызмет түріне байланысты белгіленеді.

2026 жылғы 15 маусымда Ұлыбритания үкіметі 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды жоспарлап отырғанын жариялады. Үкіметтің 18 қыркүйекте жаңартылған ресми түсіндірмесіне сәйкес, бұл бастама Австралияның моделіне ұқсас болуы мүмкін. Instagram, YouTube, TikTok, Snapchat, Facebook және X сияқты платформалар қамтылуы ықтимал.

Жоспар аясында 18 жасқа толмаған пайдаланушыларды қорғау үшін тікелей эфирлер мен бейтаныс адамдардың балалармен байланысуына қатысты кейбір функцияларды да шектеу көзделген.

Алайда мұнда заңның қабылданғаны мен жоспарланған өзгерістердің толық күшіне енгенін ажырата білу қажет. 2026 жылғы 16 қазандағы жағдай бойынша үкіметтің 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу жөніндегі бастамасын қолданыстағы жалпыұлттық тыйыммен теңестіруге болмайды. Ұсыныстың нақты іске асу тәртібі мен орындалу талаптары жеке реттеуді қажет етеді.

Ұлыбритания тәжірибесіндегі маңызды мәселенің бірі — адамның жасын анықтау. Ofcom-ның 2026 жылғы шілдеде жарияланған есебінде онлайн қызметтерде жас тексеру әдістері кеңейгені айтылғанымен, платформалардың балаларға арналған қолданыстағы талаптарды толық әрі тиімді орындауы әлі де маңызды міндет болып отырғаны көрсетілген.

Жасты тексеру кезінде құпиялықты сақтау да назардан тыс қалмайды. Егер платформа пайдаланушының жасын анықтау үшін жеке куәлік, бет бейнесі немесе басқа да жеке деректерді пайдаланса, бұл ақпараттың қалай сақталатыны және кімге берілетіні түсінікті болуы керек.


Ал Қазақстан бұл мәселелерді қалай қарастырады?

2026 жылғы тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты шектеу енгізу мәселесіне назар аударды. Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуға бағытталған заң жобасын әзірлегені және оның парламенттің қарауына ұсынылғаны туралы ақпарат жарияланды.

2026 жылғы 16 қыркүйекте БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінде Қазақстанның балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ұстанымы талқыланды. Комитет отырысының қорытындысы бойынша жарияланған мәліметте Қазақстан делегациясы 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге қол жеткізуін шектеу жөніндегі заң жобасы әзірленгенін хабарлағаны айтылды. Сонымен қатар платформаларға пайдаланушылардың жасын тексеру міндетін жүктеу жоспарланып отырғаны көрсетілді.

2026 жылғы 6 қазанда жарияланған ақпаратта Премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында әлеуметтік желілерге 16 жасқа толмаған балаларды тіркеуді реттеуге арналған түзетулер Құрылтайдың қарауында екені хабарланды. Жас мөлшерін тексерудің нақты ережелерін тиісті мемлекеттік органдар әзірлеуі мүмкін. Қарастырылып жатқан нұсқалардың арасында бет-әлпет арқылы жасты шамалау және аккаунт белсенділігіне қатысты белгілерді талдау да аталған.

Бұл жерде екі мәселені ажырату маңызды. Біріншісі — балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеуге арналған заңнамалық бастама. Екіншісі — жас мөлшерін анықтау мен талаптарды орындаудың техникалық тетіктері. Екінші бағыттағы ұсыныстардың аталуын олардың түпкілікті бекітілгенін білдіреді деп қабылдауға болмайды. 2026 жылғы 16 қазандағы жағдай бойынша Қазақстандағы 16 жасқа дейінгі балаларға қатысты ұсынылған тыйымды қолданыстағы, толық күшіне енген жалпыұлттық тыйым ретінде көрсетуге негіз жеткіліксіз. Оның нақты құқықтық мәртебесі заң жобасының парламенттік қаралуы мен кейінгі ресми құжаттар арқылы анықталуға тиіс.

Қазақстан үшін тағы бір маңызды мәселе — қазақ тіліндегі контенттің дамуы. Әлеуметтік желілер балаларға қазақ тіліндегі білім беру материалдарын, мәдени жобаларды, шығармашылық жұмыстарды және танымдық ақпаратты ұсынатын орта бола алады. Сондықтан қауіпсіздікті күшейту шаралары сапалы әрі жас ерекшелігіне сай контенттің дамуына кедергі келтірмеуі керек.

Әлем елдерінің тәжірибесі балалардың әлеуметтік желілердегі қауіпсіздігіне қатысты ортақ алаңдаушылық бар екенін көрсетеді. Алайда мемлекеттер бұл мәселені әртүрлі жолмен шешіп жатыр. Бұл бастаманың тиімділігі оның құқықтық негізіне, платформалардың жауапкершілігіне, жас тексеру жүйесінің сенімділігіне және балалардың жеке деректерін қорғауға байланысты болады.

Сонымен бірге әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу балалардың интернеттегі барлық қауіптен қорғалуына кепілдік бермейді. Кибербуллинг, жалған ақпарат, жеке деректердің таралуы және зиянды контент мәселелері басқа цифрлық сервистерде де кездесуі мүмкін. Сондықтан жас шектеуі цифрлық сауаттылықты арттыру, ата-аналар мен мектептердің қатысуы, платформалардың қауіпсіз дизайны және балалардың құқықтарын қорғау шараларымен қатар жүруі керек.

Балалардың қауіпсіздігі мен цифрлық мүмкіндіктері бір-біріне қарсы қойылмауы тиіс. Негізгі мақсат — оларды интернеттен толық оқшаулау емес, жас ерекшелігіне сай, қауіпсіз әрі жауапты цифрлық орта қалыптастыру.

Қазақстандағы балалардың интернеттегі тәжірибесі

Балалардың цифрлық қауіпсіздігін зерттеу үшін олардың интернетке қашан қосылатынын ғана емес, желіде қандай тәжірибеге тап болатынын да қарастыру керек.

Қазақстанда UNICEF пен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жүргізілген Kazakhstan Kids Online зерттеуіне қатысты ресми материалда балалардың интернеттегі тәжірибесі мен қауіптері сипатталған.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің жарияланымында келтірілген дерек бойынша, балалардың 15,3%-ы интернеттегі жағымсыз контентпен белгілі бір жиілікте — күн сайын, апта сайын немесе айына кемінде бір рет кездесетінін көрсеткен. 


Балалардың әлеуметтік желідегі белсенділігі артқан сайын олардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі де өзекті бола түсуде. 

“Қазіргі кезде әлеуметтік желіні пайдаланған кезде ең бастысы — мұқият болу қажет. Бала қолданса, ата-ана міндетті түрде бақылаған жөн және бақылауда болып, мұқият қараған жөн. Себебі интернет желісінде пайда да бар, және зиянды жақтары қатар жүреді. Соған мұқият қарау керек.”, – деп атап өтті инклюзивті білім беру педагогі Жанна Темірбаева.


Әлеуметтік желілер жасөспірімдерге достарымен байланысуға, жаңа ақпарат алуға және өз ойын еркін білдіруге мүмкіндік береді. Алайда виртуалды кеңістік әрдайым қауіпсіз емес. Бейтаныс адамдардың хабарламалары, жалған ұтыстар, күмәнді сілтемелер, қорлайтын пікірлер мен жеке ақпараттың таралуы — жасөспірімдер интернетте кездесуі мүмкін қауіптердің бір бөлігі.

Мұндай жағдайда баланың әлеуметтік желіні қанша уақыт пайдаланатыны ғана емес, онлайн қатерді қаншалықты тез тани алатыны және қауіп туындағанда қандай әрекет жасайтыны да маңызды. Өйткені қауіпсіздік ережелерін білу мен оларды нақты жағдайда қолдану бірдей емес.

Осыны анықтау үшін зерттеу аясында жасөспірімдер арасында анонимді сауалнама жүргізіледі. Қатысушыларға интернеттегі ықтимал қауіптерге қатысты жағдаяттар ұсынылып, олардан мұндай жағдайда қалай әрекет ететіндері сұралады. Сауалнама жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын, жеке деректерді қорғау дағдыларын және көмек сұрауға дайындығын бағалауға бағытталған.

Сауалнама: жасөспірімдер интернеттегі қауіпсіздік ережелерін қаншалықты біледі?

86 жасөспірім қатысқан сауалнама нәтижесі олардың интернеттегі қауіпсіздік ережелерін жалпы түсінетінін көрсетті. Дегенмен жеке деректерді қорғау, аккаунттарды қосымша қауіпсіздендіру және кибербуллингке қарсы әрекет ету бағыттарында әлі де олқылықтар бар.

Сауалнамаға қатысқандардың 77,9 пайызы TikTok, 48,8 пайызы Instagram желісін пайдаланатынын айтқан. Респонденттердің 45,3 пайызы интернетте күніне 1–3 сағат, ал 33,7 пайызы 3–5 сағат уақыт өткізеді. Бұл әлеуметтік желілердің жасөспірімдер өмірінде маңызды орын алатынын көрсетеді.

Қауіпсіздікке қатысты сұрақтарда қатысушылардың басым бөлігі күмәнді сілтемелерді ашпау, бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерін бермеу және жалған ұтыстарға сенбеу керектігін білетінін көрсетті. Мәселен, 94,2 пайызы досынан келген күмәнді сілтемені ашпас бұрын оның шынымен сол адамнан жіберілгенін тексеретінін айтқан. Ал 93 пайызы бейтаныс адамдарға жеке ақпаратын бермейтінін жеткізген.

Сонымен бірге кейбір жауаптар цифрлық қауіпсіздік дағдыларын әлі де жетілдіру қажет екенін байқатты. Қатысушылардың 20,2 пайызы барлық әлеуметтік желіде бірдей құпиясөз қолдануды ыңғайлы деп санайды. Кибербуллинг жағдайында респонденттердің 21,2 пайызы қорлайтын сөздерге дәл сондай жауап қайтаратынын айтқан. Бұл интернеттегі қауіпке дұрыс әрекет ету дағдысын қалыптастырудың маңызын көрсетеді.


Жасөспірімдер интернеттегі ең үлкен қауіп ретінде интернет-алаяқтықты атаған. Бұл жауапты респонденттердің 53,6 пайызы таңдаса, 22,6 пайызы жеке деректердің таралып кетуін негізгі қатер деп көрсеткен. Қауіпті жағдайға тап болғанда 71,4 пайызы ата-анасынан көмек сұрайтынын айтқан. Алайда 7,1 пайызы мұндай жағдайды ешкімге айтпайтынын жеткізген.

Қатысушылардың ашық жауаптарында мектептерде цифрлық сауаттылық сабақтарын көбейту, ата-аналардың балаларға интернет қауіпсіздігін түсіндіруі және әлеуметтік желілердегі алаяқтарды анықтайтын құралдарды жетілдіру ұсынылған. Ал интернет қауіпсіздігі туралы тереңірек білгісі келетін тақырыптардың ішінде алаяқтықты анықтау (32,1%) мен аккаунтты қорғау (29,8%) алдыңғы орынға шыққан.

Сауалнама нәтижесі жасөспірімдердің интернет қауіпсіздігі туралы негізгі түсініктері қалыптасқанын көрсеткенімен, оны күнделікті тәжірибеде тұрақты қолдану маңызды. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттыруға ата-аналар, мектептер және әлеуметтік желі платформалары бірлесіп үлес қосуы қажет.

Әлеуметтік желілерге жас шектеуін енгізу балалардың онлайн қауіптерден қорғалуына қатысты талқылаудың бір бөлігі ғана. Жасөспірімнің белгілі бір платформаға тіркелуіне шектеу қою оның басқа цифрлық ортада қауіпке тап болу мүмкіндігін толық жоймайды.

Сондықтан балаларға күмәнді хабарламаларды тануды, жеке деректерін қорғауды, қорқытуға тап болғанда дәлелдерді сақтауды, аккаунтты бұғаттау мен шағымдану құралдарын пайдалануды үйрету маңызды.

Онлайн қауіпсіздік тек баланың жеке жауапкершілігіне жүктелмеуі керек. Бұл бағытта ата-ананың қолдауы, мектептегі жүйелі түсіндіру жұмысы және платформалардың қауіпсіздік тетіктері қатар жүруі қажет.

Балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге тәуелділігі бойынша психолог-сарапшы Назым Тәңірбергенқызының пікірі: Балалар мен жасөспірімдер арасында кибербуллинг, интернеттегі алаяқтық, зиянды контент және әлеуметтік желідегі қысым жиі кездеседі. Мұндай жағдайлар баланың өзіне деген сенімін төмендетіп, мазасыздыққа, тұйықталуға, ұйқының бұзылуына әкелуі мүмкін. Әсіресе жасөспірімдер өздерін өзгелермен салыстырып, сыртқы келбеті мен жетістіктеріне көңілі толмауы ықтимал.

TIK TOK vs INSTAGRAM?

TikTok пен Instagram: жастардың назарын қай әлеуметтік желі көбірек аударады?

Қысқа видеолар, трендтер мен визуалды контент әлеуметтік желілердің дамуына әсер етіп келеді. TikTok пен Instagram жастар арасында кең таралған платформалардың қатарында. Алайда олардың контент тарату тәсілі, аудиториямен байланыс орнату мүмкіндігі мен қолданылу мақсаты бірдей емес.

Қазақстандағы әлеуметтік желілердің аудиториясы

DataReportal ұйымының Digital 2026: Kazakhstan есебіне сәйкес, 2025 жылдың соңында Қазақстанда әлеуметтік желілердің 16,9 миллион пайдаланушы сәйкестендірілімі тіркелген. Бұл көрсеткіш ел халқының шамамен 80,8 пайызына тең. Алайда ол бірегей адамдардың нақты санын білдірмейді.

Сол есептегі жарнамалық құралдардың деректері бойынша, 2025 жылдың соңында TikTok жарнамаларының 18 жастан асқан аудиторияға ықтимал қолжетімділігі 16,9 миллионға, ал Instagram-дікі 13,1 миллионға жеткен. Бұл көрсеткіштерді платформалардың нақты белсенді пайдаланушыларының саны деп қабылдауға болмайды. Дегенмен деректер Қазақстанда екі әлеуметтік желінің де үлкен аудиторияға қол жеткізуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.

TikTok: жаңа аудиторияға жол ашатын платформа

TikTok қысқа видеолар арқылы ақпарат таратуымен және пайдаланушыға қызығушылығына сәйкес контент ұсынуымен ерекшеленеді. Платформаның «For You» таспасында адам өзі жазылған аккаунттардың жарияланымдарымен қатар, бұрын кездестірмеген авторлардың видеоларын да көре алады.

Бұл жаңа бастаған контент авторлары үшін маңызды мүмкіндік. Сапалы әрі көрерменнің назарын аударатын видео үлкен жазылушы аудиториясы болмаса да кең таралуы мүмкін. Білім беру, ойын-сауық, спорт, жаңалықтар және күнделікті өмір туралы контент те осы форматта ұсынылады.

Сонымен бірге TikTok-та трендтердің жылдам өзгеруі авторлардан өзекті тақырыптарды дер кезінде байқап, видеоны қысқа әрі түсінікті жеткізуді талап етеді. Контенттің танымал болуы оның ақпараттық тұрғыдан сенімді екенін білдірмейді. Сондықтан пайдаланушылар көрген мәліметтерінің дереккөзін тексеруі қажет.

Instagram: контент пен қарым-қатынасты біріктіретін орта

Instagram фотосуреттер мен видеоларды жариялауға, Stories арқылы күнделікті сәттерді бөлісуге, Reels форматында қысқа видео таратуға және Direct арқылы тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Платформа жеке бренд қалыптастыру, компанияның қызметін таныстыру, аудиториямен тұрақты байланыс орнату және тауарлар мен қызметтерді жарнамалау үшін қолданылады. Пайдаланушылар контентті тек көрумен шектелмей, пікір қалдырып, хабарлама жіберіп, аккаунтпен ұзақ мерзімді байланыс орната алады.

Instagram-ның тағы бір ерекшелігі — бірнеше контент форматын бір аккаунт аясында біріктіру мүмкіндігі. Мысалы, спорт академиясы жаттығу барысын Reels арқылы көрсетіп, Stories-та жаңалық жариялап, профильде жаттығу кестесі мен байланыс ақпаратын орналастыра алады.

TikTok пен Instagram-ды бір-біріне қарама-қарсы қоюдан гөрі, олардың мүмкіндіктерін салыстырған дұрыс.

Аудиторияны кеңейту. TikTok қызығушылыққа негізделген ұсыныстар арқылы жаңа көрермендерге шығуға мүмкіндік береді. Instagram-да да Reels пен ұсыныстар жүйесі жаңа аудиторияны тартуға көмектеседі.

Контент форматы. TikTok қысқа видеоға басымдық береді. Instagram қысқа видеоны фотосуреттермен, Stories және профильдегі басқа жарияланымдармен біріктіреді.

Аудиториямен байланыс. Екі платформада да пікір жазу, бөлісу және тікелей хабарласу мүмкіндігі бар. Instagram жеке хат алмасу мен аккаунттың тұрақты имиджін қалыптастыруға қолайлы құралдарды біріктіреді.

Жарнама және маркетинг. Екі әлеуметтік желі де жарнамалық мүмкіндіктер ұсынады. Нәтиже аудиторияға, контент сапасына, жарнама мақсатына және бюджетке байланысты.

Бұл сұрақтың жауабы әлеуметтік желіні қолдану мақсатына байланысты. Жаңа аудиторияға шығуды, трендтерді бақылауды және қысқа видеолар арқылы шығармашылық идеяларды жеткізуді көздеген адам TikTok мүмкіндіктерін пайдалана алады. Ал жеке парақшасын жүйелі жүргізіп, өз жұмыстарының портфолиосын жинап, аудиториямен тұрақты байланыс орнатқысы келетіндер үшін Instagram қолайлы болуы мүмкін.

Мысалы, болашақ журналист TikTok-та жаңалықты қысқа видео түрінде түсіндіріп, күрделі тақырыпты қарапайым тілмен жеткізе алады. Instagram-да сол тақырыпты Reels, Stories және мәтіндік жарияланымдар арқылы кеңейтіп, оқырманмен пікір алмаса алады.

Дегенмен әлеуметтік желінің тиімділігі тек қаралым мен жазылушы санына тәуелді емес. Ақпараттың дәлдігі, аудиторияның сенімі, контенттің сапасы және автордың мақсаты да маңызды.

TikTok пен Instagram — мүмкіндіктері бір-бірін толықтыра алатын әлеуметтік желілер. TikTok жаңа контентті аудиторияға таныстыруға жағдай жасаса, Instagram визуалды материалдарды бір профильде жүйелеп, аудиториямен байланысты жалғастыруға мүмкіндік береді.

Сондықтан жастар мен контент жасаушылар үшін бір ғана платформаны таңдау міндетті емес. Ең маңыздысы — әр әлеуметтік желінің ерекшелігін түсініп, оны нақты мақсатқа сай пайдалану және тұтынылатын ақпараттың сенімділігіне мән беру.

Дереккөз: DataReportal, Digital 2026: Kazakhstan.
https://datareportal.com/reports/digital-2026-kazakhstan

Қорытынды

Қорытындылай келе, балалар мен жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігі тек технологиялық шектеулермен шешілмейді. Бұл – ата-ана, білім беру ұйымдары, әлеуметтік желі платформалары мен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Баланың интернетте қандай ақпарат тұтынатынын бақылаумен қатар, оған жалған ақпаратты ажыратуды, жеке деректерін қорғауды және кибербуллингке тап болған жағдайда көмек сұрауды үйрету маңызды. Өйткені интернетті толық шектеу мәселені шешпейді, керісінше, оны қауіпсіз әрі саналы пайдалануға дағдыландыру қажет. Балаларды цифрлық әлемнен оқшаулау емес, сол әлемде өзін қорғай алатын тұлға етіп тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.

QAUIPSIZ NET жобасы:

Whatsapp канал;

Telegram канал.

Жоба авторлары: 

Малика Рүстем;  Аружан Давлетова; Альмира Қасқырбаева; Анель Фархатқызы; Әсел Сүлеймен; Дильназ Мұхаметалина; Айзере Алиева; Томирис Арғын.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *