Искусственный Интеллект

Claude Fable 5.2 бір сұраныспен 3D шутер жасап, сегіз күнде операциялық жүйе құрастырды

Anthropic компаниясының жаңа Claude Fable 5.2 жасанды интеллект моделі бағдарламалау мүмкіндіктерін көрсетті. Нейрожелі бір ғана мәтіндік сұраныс арқылы үшөлшемді шутердің прототипін сегіз сағатта жасап, ал нөлден бастап операциялық жүйені сегіз күнде әзірлеген, деп хабарлайды Tech-news. 

Anthropic екі жаңа модельді таныстырды: көпшілікке қолжетімді Claude Fable 5.2 және әзірге шектеулі серіктестерге ғана ұсынылған Claude Mythos 5.2. Компанияның мәліметінше, екі модель де бағдарламалау, математика, робототехника және инженерлік тапсырмаларды орындау бойынша жетілдірілген.

Claude Fable 5.2 жасаған операциялық жүйе кәдімгі ноутбукте іске қосыла алады. Оның жеке ядросы бар. Яғни жүйе компьютердің негізгі жұмысын басқарады. Сонымен қатар диск, пернетақта және желіге арналған драйверлер, файлдарды тұрақты сақтау мүмкіндігі, терезелік интерфейс, жүйеге кіру экраны мен орнату құралы қарастырылған. Операциялық жүйеге Claude-тың өз функциялары да енгізілген.

Anthropic бұл жобаны модельдің күрделі бағдарламалық жүйелерді өздігінен құрастыру қабілетін көрсететін мысал ретінде ұсынды.

Тағы бір назар аударған жоба – Saltline деп аталатын ғылыми-фантастикалық шутер. Оны Anthropic компаниясының менеджері Феликс Ризеберг Claude Fable 5.2 көмегімен әзірлеген. Оның айтуынша, ойынның бастапқы нұсқасын жасау үшін нейрожеліге бір ғана мәтіндік тапсырма берілген.

Үшөлшемді ойынның прототипін әзірлеуге сегіз сағат кеткен. Ал оны генерациялауға жұмсалған қаражат шамамен 550 долларды құраған.

Жасанды интеллект ойынға қажетті негізгі компоненттерді өзі дайындаған. Олардың қатарында 3D-модельдер, текстуралар және дыбыстық сүйемелдеу бар. Әзірлеу барысында адам тарапынан тікелей араласу болмағаны айтылады.

Дегенмен Saltline әзірге толыққанды AAA санатындағы ойын емес. Бұл – браузер арқылы іске қосылатын, шамамен екі минутта аяқталатын демонстрациялық жоба. Оның техникалық оңтайландырылуы да мінсіз емес. Графикасы аса күрделі болмаса да, ойын қуатты видеокарталарға айтарлықтай салмақ түсіріп, олардың ресурстарын толыққа жуық пайдаланады.

Бұл жобалар Claude Fable 5.2 моделінің тек жеке код жазумен шектелмей, бір-бірімен байланысқан күрделі бағдарламалық компоненттерді де құрастыра алатынын көрсетеді. Алайда мұндай мүмкіндіктер әзірге дайын коммерциялық өнімдерді толықтай адамсыз жасауға жетті дегенді білдірмейді.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *