АҚШ инженерлері ғарыш кеңістігінде ірі құрылымдарды жеке бөлшектерден жинай алатын роботтық жүйені алғаш рет орбитада сынақтан өткізді. ASTRA деп аталатын аппарат болашақ радиолокациялық антеннаның диаметрі 1,4 метрлік қаңқасының бір бөлігін құрастырды. Бұл технология алдағы уақытта ғарышта алып антенналар, телескоптар мен күн электр станцияларын салуға мүмкіндік беруі мүмкін, деп хабарлайды Tech-news.
ASTRA (Autonomous In-Space Tensioned Reflector Assembly) жүйесі жеке бөлшектерден параболалық антеннаның қаңқасын жинауға арналған. Роботтық қондырғы үш ось бойымен қозғала алатын манипулятормен жабдықталған.
Ол арнайы кассеталардан композиттік түтіктер мен алюминий бөлшектерін алып, оларды қажетті орынға орналастырып, өзара біріктірген. Осылайша робот антенна құрылымының бір секциясын құрастырды.
Алайда сынақ кезінде аппарат толық автономды жұмыс істеген жоқ. Роботтың әрекеттерін Жердегі инженерлер қашықтан басқарды. Мамандар әр кезеңнің нәтижесін фотосуреттер арқылы тексеріп отырған.
Байланыс сеанстары тәулігіне шамамен 7–8 рет ұйымдастырылған. Әрқайсысы 15 минутқа жуық уақытқа созылған. Командаларды жібермес бұрын инженерлер оларды Жердегі дәл сондай қондырғыда тексерген. Бұл тәсіл ықтимал қателердің алдын алуға және жүйеде ақау туындаған жағдайда оның себебін анықтауға көмектескен.
АҚШ-тың Қорғаныс саласындағы озық зерттеу жобалары агенттігі (DARPA) сынақ нәтижесін сәтті деп бағалады. Эксперимент роботтардың ғарыш кеңістігінде күрделі монтаж жұмыстарын орындай алатынын көрсетті.
Болашақта мұндай технологияны ірі радиотелескоптар, ғарыштық обсерваториялар, күн электр станциялары және орбиталық станциялар салу кезінде қолдану жоспарланып отыр. Мұндай нысандарды Жерден толық дайын күйінде ұшыру қиын. Ал оларды орбитада жеке бөлшектерден құрастыру ғарыш инфрақұрылымының мүмкіндіктерін кеңейте алады.
Дегенмен технологияны ауқымды жобаларда қолдануға әлі уақыт қажет. ASTRA сынағы әзірге орбитада құрылымдарды робот көмегімен жинаудың техникалық мүмкіндігін дәлелдейтін алғашқы қадамдардың бірі.










