TechОбществоTop

eGov Mobile аудиториясы 13,2 миллионнан асты

Қазақстанның eGov Mobile қосымшасын пайдаланушылар саны 13,2 миллионнан асты. Бүгінде платформада 1 100-ден астам мемлекеттік қызмет пен цифрлық сервис қолжетімді. Соңғы жеті жылда қосымша мемлекеттік қызметтерді смартфон арқылы алуға арналған негізгі құралдардың біріне айналды, деп хабарлайды Tech-news. 

Қазақстандағы мобильді электрондық үкіметтің тарихы 2012 жылы mGov қосымшасының іске қосылуынан басталды. Алғашқы кезеңде пайдаланушылар мекенжай, зейнетақы және жылжымайтын мүлік туралы анықтамаларды алып, айыппұлдар, салықтар мен мемлекеттік баждарды онлайн төлей алды. 2019 жылға қарай қосымшадағы қызметтер саны 70-ке жуықтады.

Сол жылы mGov жаңартылып, eGov Mobile атауына ие болды. Ал 2020 жылы биометриялық сәйкестендіру енгізілді. Бұл пайдаланушылардың жеке басын растауды жеңілдетіп, мемлекеттік қызметтерді смартфон арқылы алуға мүмкіндік берді.

eGov Mobile-дың сұранысқа ие мүмкіндіктерінің бірі — «Цифрлық құжаттар» сервисі. Ол заңнамада көзделген жағдайларда жеке құжаттардың электрондық нұсқаларын қағаз құжаттың орнына пайдалануға мүмкіндік береді. Сервис іске қосылғалы бері оған 600 миллионнан астам рет жүгінген. Кейін цифрлық құжаттар екінші деңгейлі банктердің бірқатар танымал қосымшасына да енгізілді.

Пайдаланушылар электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) рәсімдеп, құжаттарға QR-код арқылы қол қоя алады. Бұл функция шамамен 80 миллион рет қолданылған.

Қосымшаның аудиториясы да айтарлықтай өсті. Егер 2019 жылы ай сайынғы белсенді пайдаланушылар саны 272 мың болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 7,5 миллионға жетті. Яғни, белсенді аудитория шамамен 28 есе артқан. Биыл eGov Mobile арқылы 20 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, платформаны дамытудың негізгі мақсаты — мемлекеттік қызметтерді азаматтарға қолжетімді етіп, күнделікті мәселелерді қашықтан шешуге жағдай жасау.

2024 жылдың шілдесінде электрондық үкіметтің мобильді экожүйесі eGov Business қосымшасымен толықты. Ол кәсіпкерлерге мемлекеттік қызметтерді смартфон арқылы алуға, ЭЦҚ шығаруға өтінім беруге, құжаттарға QR-кодпен қол қоюға және заңды тұлғаның бірінші басшысын тіркеуге мүмкіндік береді.

2025 жылы eGov Mobile толық ребрендингтен өтті. Қосымшаның сыртқы дизайны мен пайдаланушыға ыңғайлылығы жаңартылды.

Ал 2026 жылы платформада eGov GPT атты жасанды интеллект негізіндегі сервис іске қосылды. Ол мемлекеттік қызметтер туралы ақпаратты диалог форматында ұсынады. Пайдаланушы сұрағын қарапайым тілмен қойып, өзіне қажетті қызметті немесе оны алу тәртібін біле алады.

Мысалы, баланың тууын тіркеу туралы сұрақ қойылса, сервис қандай қызметтер қажет екенін және рәсімді неден бастау керектігін түсіндіреді. Қазір eGov GPT арқылы 50-ден астам мемлекеттік қызмет туралы ақпарат алуға болады. Сервиске жүгіну саны 150 мыңнан асты.

eGov GPT 2026 жылы Астанада өткен AI & Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы аясында AI & Digital Bridge Awards сыйлығының «GovTech Project of the Year» номинациясында жеңіске жетті.

Осылайша, eGov Mobile электрондық анықтамалар алуға арналған қосымшадан мемлекеттік қызметтерді, цифрлық құжаттарды және жасанды интеллект негізіндегі анықтамалықты біріктіретін платформаға айналды.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *