Баладжи Шринивасан негізін қалаған Network School технологиялық жобасы 2 млрд долларға бағаланып, инвестиция тарту кезеңіне өтті. Қазақстанда штаб-пәтерін орналастырған компания Астанада жаңа кампус ашып, технологиялық мамандарды даярлауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Tech-news.
Бұл туралы 9 қазанда Астанада өткен Network State Conference 2026 конференциясында жарияланды. Іс-шараға Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысты.
Инвестициялық кезеңді криптовалюта нарығындағы ірі қорлардың бірі Polychain Capital басқарады. Оның негізін қалаушы әрі бас директоры Олаф Карлсон-Видің айтуынша, қаржыландыруға Andreessen Horowitz венчурлық қоры, Coinbase криптобиржасы және Баладжи Шринивасанның өзі де қатысады.
2 млрд долларлық бағалау Network School-ды құны 1 млрд доллардан асатын жеке технологиялық компанияларға берілетін «единорог» (unicorn) санатына қосады.
Network School не үшін Қазақстанды таңдады?
21 шілдеде Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Network School компаниясы штаб-пәтерді Астанаға көшіру туралы меморандумға қол қойған. Бұл келісім халықаралық технологиялық кәсіпкерлер мен инвесторларды елге тартуға бағытталған бастамалардың бірі болды.
Network School білім беруді, кәсіби қауымдастықтарды дамытуды, стартаптар құруды және түлектерді халықаралық еңбек нарығына шығаруды бір жүйеге біріктіреді. Жобаның мақсаты — технология саласындағы мамандарды жинап, олардың жаңа компаниялар құруына және кәсіби байланыс орнатуына жағдай жасау.
Баладжи Шринивасан конференцияда жобаның қатысушылары Астанадағы жаңа қалалық кампусқа көшетінін мәлімдеді. Ол Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында орналасады.
Компанияның алдағы жоспарларына елордада технологиялық хаб қалыптастыру, стартаптар мен венчурлық инвесторларды тарту және Алатауда криптоқала жобасын дамытуға қатысу кіреді.
«Қазақстанның рөлі — қажетті рұқсаттар мен тиісті платформаны ұсыну болса, біздің міндетіміз — капитал тарту, таланттарды жинау және жобаларды іске асыру», — деді Шринивасан.
Ол Астананың қалалық ортасы мен халықаралық технологиялық қауымдастықты тарту әлеуетін жоғары бағалап, қаланы болашақта Дубай немесе Сингапур деңгейіне көтерілуі мүмкін орталық ретінде сипаттады.
Онлайн оқытудан университетке дейін
Network School Қазақстанда білім беру бағытын да дамытуды көздеп отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, компания алдымен онлайн оқытуға негізделген академиялық мекеме ашуды жоспарлайды. Кейін оны академиялық дәреже беруге құқығы бар толыққанды университетке айналдыру қарастырылған.
Оқыту моделі студенттің қанша уақыт білім алғанына емес, нақты нені меңгергеніне назар аударады. Оқу қарқыны білім алушының нәтижесіне қарай анықталады, ал оның білімі мен дағдылары офлайн емтихан арқылы тексеріледі.
Жоба аясында блокчейн технологиясын да пайдалану жоспарланған. Ол білім туралы құжаттардың түпнұсқалығын тексеруге және оқу нәтижелері туралы ақпаратты растауға көмектесуі мүмкін.
Тағы бір бағыт — оқуды жұмысқа орналасумен байланыстыру. Шринивасанның айтуынша, Қазақстанның ұлттық компанияларымен серіктестік орнату арқылы мамандарды нақты жұмыс орындарына қажетті дағдыларға сай даярлауға болады. Ол бұл тәсілді «емтихан тапсыр да, жұмысқа орналас» қағидаты ретінде сипаттады.
Қазақстанға мыңдаған маман тарту жоспары
Network School халықаралық мамандарды Қазақстанға тартумен қатар, жергілікті кадрлардың да жаһандық еңбек нарығына шығуына көмектесуді жоспарлап отыр.
«Біз Қазақстанға алдымен мыңдаған, кейін ондаған мың талантты адамды әкелгіміз келеді. Сонымен қатар қазақстандықтардың жаһандық еңбек нарығында жұмысқа орналасуына көмектесеміз», — деді компания негізін қалаушы.
Шринивасанның пікірінше, технологиялық компаниялар мен олардың командалары үшін жаңа елге көшу мүмкіндіктері артып келеді. Бұл Қазақстанға бизнесін ұзақ мерзімге дамытуға қолайлы орта іздейтін кәсіпкерлерді тартуға жол ашады.
Network School-дың елдегі қызметі Қазақстанды Еуразиядағы жасанды интеллект және технологиялық кәсіпкерлік орталығына айналдыру мақсатына сай келеді. Дегенмен жобаның нақты экономикалық әсері инвестицияның көлеміне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және Қазақстанда құрылған компаниялардың нәтижелеріне байланысты болады.










