Интернеттегі қауіп-қатерлердің бірі – онлайн-груминг. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен жасөспірімдерге желідегі алаяқтардың бұл әдісі туралы ескерту жасап, қауіпсіздік ережелерін еске салды, деп хабарлайды Tech-news.
Онлайн-груминг – ересек адамның интернет арқылы балаға сенім артып, кейін оны өз мақсатына пайдалануға тырысатын әрекеті. Мұндай байланыс көбіне әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, онлайн ойындарда немесе түрлі цифрлық платформаларда басталады.
ІІМ мәліметінше, қаскөй алдымен өзін қатарлас жасөспірім ретінде таныстырып, достық қарым-қатынас орнатуға тырысады. Ол тұрақты түрде хат жазып, баланың қызығушылықтары мен жеке өміріне қатысты сұрақтар қойып, сенімге кіреді.
Келесі кезеңде интернеттегі таныс тұрғылықты мекенжай, күнделікті жүретін орындар, достары немесе отбасы туралы ақпарат сұрауы мүмкін. Кей жағдайда фотосурет пен бейнежазба жіберуді өтінеді немесе жеке сипаттағы әңгімелерді бастауға талпынады.
Құқық қорғау органдарының айтуынша, онлайн-грумерлер көбіне хат алмасуды құпия сақтауды талап етеді және психологиялық қысым көрсетуі мүмкін.
Мамандар балаларға бірнеше қарапайым ережені ұстануға кеңес береді:
- бейтаныс адамдармен жеке хат алмаспау;
- мекенжай, телефон нөмірі, мектеп атауы сияқты жеке деректерді жарияламау;
- белгісіз пайдаланушыларға фото және видео жібермеу;
- күмәнді немесе интимдік сипаттағы сұрақтар қойылған жағдайда әңгімені дереу тоқтату;
- күмәнді аккаунттарды бұғаттау;
- мұндай жағдайлар туралы ата-анасына немесе сенімді ересек адамға бірден хабарлау.
ІІМ ата-аналарды балаларымен цифрлық қауіпсіздік тақырыбын тұрақты талқылап отыруға шақырды. Ведомствоның пікірінше, баланың интернеттегі қауіпсіздігі шынайы өмірдегі қауіпсіздік сияқты тұрақты бақылау мен назарды қажет етеді.










