Қазақстанда жол қауіпсіздігін бақылауға арналған цифрлық жүйелер кеңейіп жатыр. Ішкі істер министрлігі «ТОР», «Қорғау» және «Ақылды жаяу жүргінші» платформаларын қолданып, жолдағы құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауды күшейтті, деп хабарлайды Tech-news.
ІІМ министрі Ержан Саденов Үкімет отырысында цифрлық шешімдердің жұмысы туралы баяндады.
Ведомствоның «ТОР» платформасы жол қауіпсіздігіне қатысты цифрлық сервистерді бір жүйеге біріктірген. Платформа жасанды интеллект көмегімен көліктерді бақылап, сегіз сағаттан астам уақыт рөлде отырған жүргізушілерді анықтай алады. Сонымен қатар іздеудегі автокөліктерді табуға мүмкіндік береді.
Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі үшін «Ақылды жаяу жүргінші» жүйесі қолданылып жатыр. Қазір еліміздің өңірлерінде жаяу жүргіншіге жол бермеген көліктерді тіркейтін 126 құрылғы орнатылған. ІІМ мәліметінше, бұл құрылғылар жұмыс істейтін учаскелерде жаяу жүргіншілерді көлік қағып кеткен жағдай тіркелмеген.
Ал «Қорғау» жүйесі жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген және іздеуде тұрған көліктерді жедел анықтауға арналған. Жүйе жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілердің әрекеттерін де тіркейді.
Автоматты құқық бұзушылық тіркеу кешендерінің саны да артты. Қазақстан жолдарында олардың саны 28 мыңнан 32 мыңға дейін көбейген.
Бұдан бөлек, түнде және ауа райы қолайсыз кезде жүргізушілерге жол бағытын көрсету үшін 22 учаскеге 56 лазерлік құрылғы орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 20 учаскеге 48 осындай жүйе қою жоспарланып отыр.









