TechЭкономика

Instagram 90 минутқа дейінгі видео форматын сынап жатыр

Instagram 90 минутқа дейінгі ұзақ видеоларды жариялауға мүмкіндік беретін жаңа форматты сынақтан өткізіп жатыр. Компания осылайша ұзақ видео түсіретін авторларды тартуды және контентті монетизациялау нарығында YouTube-пен бәсекелесуді көздейді, деп хабардайды Tech-news. 

Бұл — қысқа вертикал видеоларға басымдық беріп келген Instagram стратегиясындағы елеулі өзгеріс. Reels форматы танымал болғанымен, одан түсетін табыс барлық автордың еңбегін ақтай бермейді.

Қазір Instagram авторларының негізгі табыс көздері — брендтермен жарнамалық келісімдер, ақылы жазылымдар және аудиторияның қаржылай қолдауы. Ал видео қаралымы үшін тікелей төлем жасау мүмкіндігі әзірге шектеулі.

Ұзақ видеолар Instagram-ға жарнамадан түсетін кірісті арттырып, авторлар үшін қосымша табыс көздерін ашуға көмектесуі мүмкін. Компания бұған дейін де осы бағытты дамытуға тырысқан. Сегіз жыл бұрын іске қосылған IGTV сервисі ұзақ видеоларға арналған болатын, алайда кейін жабылды.

Meta компаниясы жаңа форматтың монетизация үлгісін әзірге толық ашқан жоқ. Компания авторлардың брендтер, жазылушылар және платформаның өзі арқылы табыс табу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Олардың қатарында жарияланымдардың нәтижесіне қарай төлем жасау тетігі де бар.

YouTube бұл бағытта қалыптасқан жүйені қолданады. Платформаның серіктестік бағдарламасына қатысатын авторлар өз видеоларынан түскен жарнамалық кірістің 55%-ын алады. YouTube мәліметінше, соңғы төрт жылда контент авторларына, әртістерге және медиа компанияларға жалпы сомасы 100 млрд доллардан астам қаражат төлеген.

Instagram-ның жаңа форматы іске қосылып, монетизация жүйесі толық қалыптасса, платформа ұзақ видео нарығындағы бәсекені күшейте алады. Алайда оның авторларға YouTube деңгейінде табыс ұсына алатыны әзірге белгісіз.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *