Қазақстан Үкіметі жаңа KazSat-3R байланыс спутнигін әзірлеуге 10,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Жоба қолданыстағы KazSat-3 аппаратын алмастырып, елдің спутниктік байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Tech-news.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Қаржы Үкімет резервінен бөлініп, ұлттық спутниктік байланыс инфрақұрылымын жаңартуға жұмсалады.
Қазіргі KazSat-3 спутнигінің пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталады. Оның орнына ұшырылатын KazSat-3R елдегі телекоммуникациялық қызметтердің тұрақты жұмысын сақтап, мемлекеттік және коммерциялық байланыс жүйелерінің үздіксіз қызметін қамтамасыз етуі тиіс.
Жаңа спутник шалғай және халық сирек қоныстанған өңірлерде интернеттің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар телерадио хабарларын тарату, деректерді жеткізу, мобильді байланыс және интернет қызметтерінің сенімділігі күшейеді.
Үкіметтің бағалауынша, жоба ақпараттық қауіпсіздікті нығайтып, Қазақстанның телекоммуникация саласындағы технологиялық тәуелсіздігін арттыруға да ықпал етеді.
Бүгінде KazSat жүйесінің мүмкіндіктерін елдегі ірі байланыс операторлары мен мемлекеттік ұйымдар пайдаланады. Жүйеге 19 байланыс операторы қосылған, ал спутник арқылы таратылатын телехабарларды 2 миллионнан астам абонент көреді.
Соңғы екі жылда Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқын алды. Қазір жоғары жылдамдықты интернетпен қамту деңгейі 99%-ға жеткен. 4,5 мыңнан астам ауыл кеңжолақты интернетке қосылған, ал жерүсті желілерін тарту қиын аймақтарда спутниктік байланыс технологиялары қолданылып келеді.
Сонымен қатар елде талшықты-оптикалық байланыс желілерін кеңейту, «Соңғы миль» жобасын іске асыру, 5G желісін дамыту және республикалық автожолдарды мобильді байланыспен қамту жұмыстары жалғасуда.
Цифрлық экожүйе де кеңейіп келеді. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн көрсетіледі. Сондай-ақ Қазақстанда ұлттық суперкомпьютерлік қуаттар іске қосылып, QazTech бірыңғай цифрлық платформасы енгізілді. Бұл жобалар жасанды интеллект сервистерін дамытуға және цифрлық экономиканы кеңейтуге негіз болады.
KazSat-3R спутнигін жасау және ғарыштық технологиялар саласындағы жаңа жобаларды іске асыру Қазақстанның ғарыш индустриясының әлеуетін күшейтіп, ұлттық байланыс инфрақұрылымының ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді.










