TechКультура

Оқу мәдениеті төмен қоғам фейк ақпаратқа көбірек сенеді

Кітап оқу тек білімді арттырып қана қоймай, цифрлық ортада ақпаратты дұрыс саралауға да көмектеседі. Сарапшылардың айтуынша, оқу мәдениеті әлсіз қоғам жалған ақпаратқа жиі алданып, интернеттегі алаяқтықтың құрбанына айналуы мүмкін, деп хабарлайды Tech-news.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының Институционалдық талдау және реформалар орталығының бас сарапшысы Алтынай Нұркеева оқу мәдениетінің қоғамның цифрлық сауаттылығы мен экономикалық дамуына тікелей әсер ететінін айтты.

Оның сөзінше, мемлекет әрбір баланың мектепте тегін білім алуына қомақты қаржы бөледі. Сондықтан жастардың танымдық қабілетін дамыту тек білім беру саласының емес, елдің болашақ экономикалық әлеуетінің де маңызды бөлігі.

Сарапшы оқу мәдениеті азаматтардың ақпаратты қабылдау және саралау қабілетін қалыптастыратынын атап өтті. Кітапты тұрақты оқитын адамдардың сөздік қоры кеңейіп, ойын анық жеткізу дағдысы дамиды, ал ең маңыздысы – сыни ойлау қабілеті күшейеді.

Нұркееваның пікірінше, дәл осы дағды цифрлық дәуірде ерекше маңызды. Себебі интернетте таралатын жалған ақпаратты, манипуляцияны немесе алаяқтық әрекеттерді ажырату үшін ақпаратты талдай білу қажет.

Оның айтуынша, оқу мәдениеті төмен адамдар фейк жаңалықтарға көбірек сенеді және онлайн алаяқтардың құрбанына жиі айналады. Бұл құбылыс қаржылық сауаттылықтан бастап қоғамдық пікірдің қалыптасуына дейін көптеген салаға әсер етеді.

Сарапшы сондай-ақ халықаралық рейтингтердің басым бөлігі халық арасында жүргізілетін сауалнамаларға сүйенетінін еске салды. Алайда мұндай зерттеулерде адамдар өздерін шынайы деңгейден жоғары көрсетуге бейім болатындықтан, көрсеткіштер нақты жағдайды толық ашпауы мүмкін.

Оның пікірінше, оқу мәдениетін дамытуға арналған бағдарламалар тек ірі қалалармен шектелмеуі тиіс. Кітапқа қолжетімділікті арттыру және оқуды насихаттау жобалары барлық өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылуы қажет.

Алтынай Нұркеева Президент Әкімшілігі мен Үкімет бұл бағытты ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі ретінде қарастырып отырғанын айтты. Оның бағалауынша, бүгінде қолға алынған бастамалардың нақты нәтижесі алдағы 15–20 жыл ішінде байқала бастайды.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *