Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарды жеке деректерді ұрлаудың жаңа тәсілдері туралы ескертті. Енді алаяқтар тек телефонды уақытша сұрап қана қоймай, көшеде тегін фотосессия ұсынып, кейін оны AI көмегімен дипфейк жасау үшін пайдалануы мүмкін, деп хабарлайды Tech-news.
Соңғы уақытта Қазақстанда әлеуметтік инженерияға негізделген алаяқтық тәсілдері көбейіп келеді. Бұл туралы Ұлттық банк ескертіп, қаскөйлердің азаматтардың смартфондары мен жеке деректеріне қол жеткізу үшін жаңа сценарийлерді қолдана бастағанын хабарлады.
Алаяқтар әсіресе әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал сияқты адам көп жиналатын орындарды таңдайды. Мұндай жерде адамдар асығыс жүретіндіктен, қауіпсіздікке мән бере бермейді.
Кең таралған тәсілдердің бірі – бейтаныс адамның «шұғыл қоңырау шалуым керек» деп телефонды уақытша сұрауы. Бірнеше минуттың ішінде қаскөйлер банк қосымшалары арқылы ақша аударып үлгеруі немесе смартфонға HopToDesk, RustDesk, RuDesktop, AnyDesk және TeamViewer сияқты қашықтан басқару бағдарламаларын орнатуы мүмкін.
Осындай бағдарламалар құрылғыны қашықтан басқаруға мүмкіндік береді. Соның арқасында алаяқтар SMS арқылы келетін бір реттік кодтарды, банк қосымшаларын, мемлекеттік сервистерді және басқа да жеке мәліметтерді бақылауына ала алады.
Ұлттық банк ерекше назар аударған тағы бір қауіп – көшеде ұсынылатын тегін фотосессиялар. Алаяқтар өздерін тәжірибе жинап жүрген фотограф немесе мобилограф ретінде таныстырып, портфолио үшін тегін суретке немесе видеоға түсіруді ұсынады.
Кейін бұл материалдар жасанды интеллект көмегімен өңделіп, дипфейк жасауға пайдаланылуы ықтимал. Мұндай жалған бейнелер немесе дауыстар азаматтардың атынан ақша сұрайтын хабарламалар тарату секілді алаяқтық схемаларда қолданылуы мүмкін.
Осыған байланысты Ұлттық банк смартфонды бейтаныс адамдарға бермеуге, SMS-кодтарды, банк картасының деректерін және басқа құпия ақпаратты ешкіммен бөліспеуге кеңес береді.
Депортамент сондай-ақ өз қызметкерлері азаматтарға аудио немесе бейнеқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін және халықпен қаржылық есеп айырысу жүргізбейтінін тағы бір мәрте еске салды.
Егер алаяқтық әрекетіне тап болсаңыз, құқық қорғау органдарына хабарласып, қосымша кеңес алу үшін Ұлттық банктің 1477 байланыс орталығына жүгінуге болады.
Айта кетейік, бұған дейін де Ұлттық банк цифрлық теңге төңірегіндегі алаяқтық әрекеттер және мемлекеттік органдар қызметкерлерінің дипфейктері арқылы жасалатын жаңа схемалар туралы бірнеше рет ескерту жасаған.










