Қазақстан Ұлттық ұланында сарбаздардың тамақтануын бақылау үшін жасанды интеллект қолданыла бастады. Көкшетаудағы 5510 әскери бөлімінде сынақтан өтіп жатқан жүйе тағамның құрамын, калориясын және сапасын талдауға көмектеседі, деп хабарлайды Tech-news.
Жүйе әскери бөлімдегі тамақтануды цифрландыруға арналған отандық «E-Qamqorlyq» бағдарламалық-аппараттық кешенінің құрамына кіреді. Оның бір бөлігі — FoodPos құрылғысы.
Асханада орнатылған FoodPos сарбаздың табағындағы тағамдарды жергілікті AI көмегімен таниды. Құрылғы олардың мөлшерін анықтап, калориясын және құрамындағы ақуыз, май мен көмірсу көлемін көрсетеді.
Осылайша әскери қызметшілер өз рационының тағамдық құндылығын көре алады.
Жүйе тек тағам құрамын есептеумен шектелмейді. Тамақтанғаннан кейін сарбаздар ас сапасын бағалай алады.
Егер белгілі бір тағам үнемі төмен баға алса немесе оның едәуір бөлігі желінбей қалса, бұл ақпарат кейінгі мәзірді жоспарлау кезінде ескерілуі мүмкін. Яғни әскери қызметшілердің пікірі ас мәзірін жетілдіру үшін қолданылатын деректердің біріне айналады.
Ұлттық ұлан мәліметінше, пилоттық жобаның алғашқы айларында Q-Voice цифрлық кері байланыс панелі арқылы шамамен 1,5 мың баға жиналған.
«E-Qamqorlyq» кешені тамақтануды ұйымдастырудың басқа кезеңдерін де цифрландыруға арналған:
- Q-Store — қоймадағы өнімдердің есебін жүргізеді және сақтау мерзімдерін бақылайды.
- Q-HACCP — температура, ылғалдылық және санитарлық талаптардың сақталуын қадағалайды.
- Q-Staff — асхана қызметкерлерінің жұмыс уақытын және медициналық рұқсаттарын есепке алады.
Жоба ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Ансаған Балтабековтің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Қазір жүйе 5510 әскери бөлімінде апробациядан өтуде. Оның тиімділігі расталса, тәжірибені Ұлттық ұланның басқа да әскери бөлімдеріне енгізу жоспарланып отыр.









