TechЭкономика

SHART RATE Fintech Stars Battle 2026 жеңімпазы атанып, $100 мыңға дейін инвестиция алады

Қазақстандық SHART RATE стартапы Fintech Stars Battle 2026 байқауында жеңімпаз атанды. Жобаға White Hill Capital қорынан $100 мыңға дейін инвестиция салынады. Байқаудың қорытындысы Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit 2026 аясында жарияланды, деп хабарлайды Tech-news. 

SHART RATE — жеке тұлғалар мен бизнеске онлайн мәмілелерді заңды түрде рәсімдеуге мүмкіндік беретін цифрлық платформа. Қолданушылар бірнеше минут ішінде келісімшарт жасап, тараптардың бірі міндеттемелерін орындамаған жағдайда құқықтық тетіктерді пайдалануға мүмкіндік алады.

Компания қазір келісімшарттарды автоматты түрде дайындауға арналған Shart AI нейрожелісін енгізіп жатыр. Стартаптың негізін қалаушы әрі CEO-сы Темир Аденнің айтуынша, инвестиция өнімді және команданы дамытуға, сондай-ақ сервисті жаңа нарықтарға шығаруға жұмсалады.

«Біздің мақсатымыз — мәмілелерді екі тарап та заңды түрде қорғалған ортада жасай алатын экожүйе құру. Біз қоғамдағы ауызша келісім мәдениетін өзгертіп, міндеттемелерді ашық әрі нақты бекітуге ықпал еткіміз келеді», — деді Темир Аден.

Fintech Stars Battle 2026 финалына 50-ден астам өтінімнің ішінен іріктелген алты жоба қатысты.

Олардың қатарында:

  • BEHYPE — инфлюенсерлерге арналған маркетинг платформасы және финтех-карта. Жоба Дубайдағы Tumar Innovation Hub акселерациялық бағдарламасына қатысу мүмкіндігін алды;
  • BYTRADER — жасанды интеллект құралдары мен тәуекелдерді басқару жүйесі бар трейдинг терминалы. Стартап Yandex Cloud-тан 6 млн теңге грант алды;
  • PAIDAX — $1-ден бастап әлеуметтік инвестициялауға мүмкіндік беретін мобильді платформа;
  • ENKI — құрылыс барысын тексеріп, оны төлемді іске қосатын шарт ретінде пайдаланатын жүйе;
  • FAQTOR — шағын және орта бизнеске несие беруге арналған AI негізіндегі қаржылық платформа.

Финалдағы әр командаға жобасын таныстыруға төрт минут, ал қазылар сұрағына жауап беруге үш минут берілді.

Жобалар нарықтағы мәселенің өзектілігі, өнім мен технология, бизнес-модель, команда және презентация сапасы бойынша бағаланды.

Қазылар құрамында Prometei CEO-сы Даулет Батырбек, bcc-hub CEO-сы Руслан Енсебаев, Yandex Qazaqstan CEO-сы Тимур Шалекенов, Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мукушев, Almaty Hub директоры Аида Дуссова және Mycar Group Deputy CEO-сы Диас Мухамедиев болды.

White Hill Capital-дың Chief Investment Officer-ы Наргиза Анның айтуынша, қор SHART RATE-ті жұмыс істеп тұрған өнімі, нарықтағы нақты мәселені шешуі және команданың нәтижесі үшін таңдаған.

Инвестиция SAFE келісімі арқылы беріледі. Бұл механизм инвесторға компанияның болашақтағы үлесін белгілі бір шарттармен кейінірек алуға мүмкіндік береді.

Kazakhstan Fintech Network бас директоры Диас Саветкановтың сөзінше, Fintech Stars Battle-дың негізгі мақсаты — стартаптарды капиталмен және қаржы нарығындағы тәжірибелі ойыншылардың сараптамасымен тікелей байланыстыру.

Fintech Stars Battle — Central Asia Fintech Summit 2026 бағдарламасының бір бөлігі. Саммитке Қазақстанның банк секторы, финтех-компаниялары, мемлекеттік құрылымдары мен қаржы нарығының сарапшылары қатысады.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *