Ақ үй Дональд Трамп әкімшілігінің мәлімдемелері мен президенттің іс-шараларын тікелей көрсетуге арналған Trump TV атты тәулік бойы жұмыс істейтін онлайн арнаны іске қосты. Алайда алғашқы эфирлердің бір мезеттегі көрермен саны бірнеше мың адамнан аспады, деп хабарлайды Tech-news.
Trump TV: The Essentials Station 21 қыркүйекте Ақ үйдің ресми YouTube арнасында іске қосылды. Эфирді Ақ үйдің сайты мен ресми қосымшасынан да көруге болады. Арнада Трамптың сөйлеген сөздері, әкімшілік шаралары, архивтік кадрлар және президенттің түрлі іс-шараларынан үзінділер көрсетіледі.
Алғашқы эфир дүйсенбі күні сағат 19:00-де басталып, шамамен 8 мың адам қатар көрген. Бір жарым сағаттан кейін аудитория 4 мыңға жуықтады, ал кешкі 21:00 шамасында 3 мың көрермен қалды. Кейінгі уақытта көрсеткіш 2,5 мыңнан да төмен түскен. Бұл — YouTube-тағы бір мезеттегі көрермен саны, яғни арнаның жалпы қамту көрсеткіші емес.
Соған қарамастан, Ақ үйдің YouTube арнасында 3,18 миллионнан астам жазылушы бар. Сондықтан жазылушылар саны мен эфирді нақты уақытта көргендер арасында айтарлықтай айырмашылық байқалды.
Trump TV-дің іске қосылуы Ақ үй мен бірнеше ірі америкалық медианың арасындағы даудың ушығуымен тұспа-тұс келді. 18 қыркүйекте Трамп CNN, MS NOW және Politico журналистерін Ақ үйге кіргізуге тыйым салғанын жариялады. Президент бұл шешімді аталған медиалардың жарияланымдарына қатысты сындарымен түсіндірді.
Осыдан кейін CNN, MS NOW және Politico федералдық сотқа жүгінді. Үш компания әкімшіліктің шешімі сөз және баспасөз бостандығына қатысты конституциялық құқықтарды бұзады деп санайды. Іс бойынша сот процесі жүріп жатыр.
Trump TV жағдайы Ақ үйдің ақпаратты дәстүрлі медиадан бөлек, өз цифрлық арнасы арқылы тарату моделіне көбірек сүйене бастағанын көрсетеді. Axios арнаның қазіргі форматын толыққанды жаңалықтар арнасынан гөрі президенттің іс-шаралары мен мәлімдемелерін үздіксіз көрсететін платформаға ұқсатады.










