Waymo компаниясы АҚШ-тағы барлық автомагистральдарда жүргізушісіз таксилерінің қозғалысын уақытша шектеді. Бұған Калифорния билігінің жол-көлік оқиғаларынан кейін роботаксилерге штат автомагистральдарында жүруге тыйым салуы себеп болды, деп хабарлайды Tech-news.
Калифорнияның Автокөлік департаменті (DMV) бұл шешімді жол қауіпсіздігіне төнетін қатермен түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, осы айда Waymo-ның бірнеше жүргізушісіз көлігі АҚШ-тың 101 тасжолындағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумаққа кіріп кеткен. Мұндай аймақтарда құрылысшылар, арнайы техника мен басқа көліктер жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде тараған видеода Waymo роботаксиінің Сан-Франциско тасжолында қозғалысты әдейі баяулатқан патрульдік көліктерді басып озуға әрекеттенгені көрінеді.
Калифорниядағы шектеу 11 қарашада күшіне енді. Ол компания жолдағы ақауларды жою үшін қажетті шараларды қабылдағанын және қауіпсіздік талаптарына сай түзетулер енгізгенін дәлелдегенге дейін сақталады.
Waymo өкілдері компанияның қауіпсіздік қағидаттарына сәйкес басқа штаттардағы автомагистральдарда да роботакси қозғалысын уақытша тоқтатқанын хабарлады. Қазір компания мемлекеттік органдармен бірлесіп, тасжолдарға қайта шығу мәселесін пысықтап жатыр.
Сонымен қатар Waymo 101 тасжолындағы оқиғадан кейін ешкім зардап шекпегенін және соқтығысу жағдайлары тіркелмегенін мәлімдеді.
Компанияның дерегінше, оның роботаксилері адам басқаратын көліктермен салыстырғанда ауыр жарақатқа әкелетін жол апаттарына 95%-ға сирек ұшырайды.
Қазіргі уақытта Waymo АҚШ-тың 15 қаласында жүргізушісіз такси қызметін ұсынады. Алайда автомагистральдармен жүруге тек Сан-Франциско, Лос-Анджелес және Майами сияқты бірнеше қалада рұқсат етілген. Жаңа шектеулер роботаксилердің қалалық көшелердегі қозғалысына әсер етпейді.
Waymo-ның автопаркке қатысты алғашқы техникалық мәселесі емес. Биыл мамырда компания су басқан жолдарға шығуға себеп болуы мүмкін бағдарламалық ақауға байланысты АҚШ-тағы мыңдаған жүргізушісіз көлігін кері қайтарып алған еді. Сол айда Атланта қаласында бірнеше Waymo көлігінің тұйық көшеде айналып жүргені де байқалған.










