Су тапшылығы күшейген жағдайда Қазақстан жауын-шашынды жасанды түрде көбейту технологиясын алғаш рет тәжірибеден өткізіп жатыр. Түркістан облысында іске қосылған пилоттық жоба су қоймаларын толықтырып, 911 мың гектардан астам егістік жерді сумен қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Tech-news.
Жоба 17 мамырда басталды және Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорология орталығымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл мекеме cloud seeding («бұлттарды себу») технологиясын бірнеше онжылдық бойы қолданып келеді. Қазақстан үшін бұл тек жаңа технологияны сынау емес, сонымен қатар халықаралық тәжірибені игеріп, осы бағытта жергілікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жоба елдегі климаттық технологияларды дамытуға негіз қалайды.
Технологияның жұмыс істеу қағидаты қарапайым. Арнайы ұшақ табиғи жолмен қалыптасқан жаңбыр бұлттарының астына ұшып барып, тұз негізіндегі экологиялық қауіпсіз реагенттерді шашады. Бұл бұлттағы ылғалдың кристалдануын жылдамдатып, жауын-шашынның түсу ықтималдығын арттырады.
Мұндай операциялар кез келген уақытта емес, тек қолайлы метеорологиялық жағдайда ғана жүргізіледі. Қажетті бұлттарды «Қазгидромет» анықтайды, ал ұшу жұмыстары су тапшылығы байқалған аумақтарда орындалады. Әсер ету аумағы шамамен бес шақырыммен шектеледі, сондықтан технология өңірдің климатын өзгертпейді және тек нақты бұлт жүйесіне ықпал етеді.
Алдын ала есеп бойынша, егер пилоттық жоба өз тиімділігін дәлелдесе, оның жыл сайынғы экономикалық әсері 35 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл қуаңшылықтан келетін шығынды азайтып, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға көмектеседі.
Жоба іске қосылғаннан кейін әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер тарады. Соның бірі – жасанды жаңбыр басқа өңірлерге жетуі тиіс жауын-шашынды «тартып алады» деген болжам. Алайда мамандар мұндай тұжырым ғылыми негізге сүйенбейтінін айтады.
Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Әлия Оспанованың сөзінше, технологияның мақсаты басқа аймақтардың жауынын азайту емес. Керісінше, қуаңшылық қаупі жоғары өңірдің үстінде табиғи түрде қалыптасқан бұлттардың ылғал беру мүмкіндігін күшейту.
Оның айтуынша, былтыр Түркістан облысында сегіз айдан астам уақыт жауын-шашынсыз кезеңдер тіркеліп, шаруалар үлкен шығынға ұшыраған. Осыған байланысты халықаралық тәжірибе мен ғылыми зерттеулер зерделеніп, пилоттық жобаны іске асыру туралы шешім қабылданған.
Жасанды жаңбыр технологиясы әлемде жаңа емес. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметіне сәйкес, бүгінде АҚШ, Қытай, Үндістан, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері және тағы елуге жуық мемлекет cloud seeding әдісін қолданады.
Әр ел бұл технологияны әртүрлі мақсатта пайдаланады. Қытай су қорын толықтыруға бағытталған ауқымды бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. 2014 жылдан бері ондаған мың операция өткізіліп, жобаға 2 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалған. Үндістан технологияны ауа сапасын жақсарту үшін пайдаланса, Франция мен Испания бұршақтың алдын алуға басымдық береді.
Соған қарамастан, ғылыми қауымдастықта технологияның тиімділігі жөнінде ортақ пікір жоқ. Цюрих жоғары техникалық мектебінің атмосфера физикасы профессоры Ульрика Ломаннның айтуынша, бұл әдіс табиғи түрде жауын жаууға дайын тұрған бұлттарға ғана әсер етеді. Сондықтан оны су тапшылығын толық шешетін құрал ретінде емес, қолайлы жағдайда қолданылатын қосымша технология ретінде қарастырған дұрыс.
Қазақстандағы пилоттық жобаның нәтижесі де әзірге бағалану кезеңінде. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Түркістан облысында бүгінге дейін 11 өндірістік ұшу орындалған. Негізгі жұмыстар Отырар және Созақ аудандарында жүргізіліп, әр операцияның нәтижесі жеке талданып жатыр.
Бұлттарға әсер ету үшін калий хлориді, натрий хлориді және магний негізіндегі реагенттер пайдаланылады. Бұл заттар халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады және қазіргі ғылыми зерттеулер олардың адам денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіретінін дәлелдеген жоқ.
Эколог әрі тұрақты даму жөніндегі сарапшы Лаура Сейілбек қолданылатын реагенттердің басым бөлігі табиғатта кездесетін минералдарға негізделгенін айтады. Оның пікірінше, қазіргі ғылыми деректер олардың экожүйеге айтарлықтай теріс әсерін көрсетпейді.
Министрлік пилоттық жоба әзірге ғылыми-зерттеу форматында жүргізіліп жатқанын хабарлады. Барлық жиналған деректер ұлттық базаға енгізіліп, кейін технологияның тиімділігіне ғылыми баға беріледі. Егер нәтиже оң болса, бұл әдісті Қазақстанның басқа өңірлерінде қолдану мүмкіндігі қарастырылады.
Мамандардың айтуынша, жасанды жаңбыр технологиясы су тапшылығын жалғыз өзі шеше алмайды. Ол су үнемдеу технологиялары, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және су ресурстарын тиімді басқару сияқты кешенді шаралармен бірге қолданылғанда ғана нақты нәтиже бере алады. Түркістандағы пилоттық жоба осы тәсілдің Қазақстан жағдайында қаншалықты тиімді екенін көрсететін алғашқы тәжірибе болмақ.