TechОбщество

Қазақстан жас физиктері IPhO-2026 олимпиадасында бес алтын медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы 56-халықаралық физика олимпиадасында (IPhO) ел тарихындағы ең үздік нәтижені тіркеді. Колумбияда өткен беделді білім додасында ұлттық құраманың бес мүшесі де алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Tech-news. 

4–12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-халықаралық физика олимпиадасы (IPhO) Қазақстан үшін тарихи жетістікпен аяқталды. Ұлттық құраманың барлық бес қатысушысы алтын медаль жеңіп алып, елдің осы жарыстағы ең жоғары нәтижесін көрсетті.

Биылғы олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 мектеп оқушысы қатысты. Қатысушылар физикадан теориялық және зертханалық тапсырмаларды орындап, ғылыми дайындығы мен практикалық дағдыларын сынға салды.

Қазақстан атынан өнер көрсеткен оқушылардың барлығы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Алтын медаль иегерлері:

  • Нұргүл Егенбергенова — Астанадағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
  • Әмірбек Азатбеков — Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы;
  • Ілияс Қазымбек — Астанадағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Роман Черемнов — Алматыдағы «Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Дамир Құрман — Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ұлттық құрама бұл нәтижеге үш жылдық жүйелі дайындықтың арқасында қол жеткізген. Команданың оқу-жаттығу процесіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Гүлия Нұрбақова жетекшілік етті.

Ал жарыс кезінде құраманың жұмысын SDU университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Самат Мақсұтов пен халықаралық физика олимпиадаларының жүлдегері Әлішер Еркебаев үйлестірді.

Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді және мектеп оқушылары арасындағы ең беделді зияткерлік жарыстардың бірі саналады. Қазақстан бұл олимпиадаға 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді.

Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы қазақстандық команда екі күміс және үш қола медаль еншілеген еді. Ал биылғы бес алтын медаль ел құрамасының жаңа тарихи рекордына айналды.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *