TechЭкономика

Қазақстанда цифрлық таңбалау енгізілетін тауар санаты жетіге жетті

Қазақстанда міндетті цифрлық таңбалауға жататын тауарлар саны бір жыл ішінде үштен жеті санатқа дейін өсті. Бұл туралы Астанада өткен Digital Tañba форумында Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев мәлімдеді, деп хабарлайды Tech-news. 

Оның айтуынша, цифрлық таңбалау ел экономикасын цифрландырудың маңызды тетіктерінің біріне айналып келеді. Бастапқыда күмән тудырған жоба бүгінде жеке индустрия ретінде қалыптасып, тауар айналымының ашықтығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Есекеевтің сөзінше, таңбалау жүйесі әсіресе фармацевтика саласында нәтиже көрсеткен. Оның көмегімен дәрі-дәрмек нарығындағы заңсыз айналым мен контрафактілік өнімдерді анықтау жұмыстары күшейген. Бұған қоса, мемлекеттік тапсырысқа арналған дәрілердің қозғалысын бақылау да жеңілдеген.

Цифрлық таңбалау акцизделетін тауарлардың, соның ішінде темекі өнімдері мен сыраның айналымын бақылауға да қолданылады. Ал биыл қыркүйектен бастап жүйеге биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) енгізіле бастады. Бұл нарықтағы өнім сапасын қадағалап, тұтынушыларға ұсынылатын тауарлардың қауіпсіздігі туралы ақпаратты нақтылауға бағытталған.

Цифрландырудың келесі кезеңдерінің бірі — Ұлттық тауарлар каталогын енгізу. Ол Қазақстан нарығындағы өнімдердің бірыңғай тізімін қалыптастырып, тауардың шығу тегі мен қозғалысы туралы ақпаратты жүйелеуге мүмкіндік береді.

Жаңа жүйе арқылы тұтынушылар дүкен сөресіндегі өнімнің қайдан келгенін анықтай алады. Сонымен қатар тауар туралы мәліметтердің кассалық чектерде дұрыс көрсетілуіне қойылатын талаптар да күшейтілмек. Бұл кейбір өнімдердің чекке енгізілмей қалуы сияқты мәселелерді азайтуға бағытталған.

Есекеев цифрлық таңбалаудың заңды бизнестің дамуына да әсер етіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, контрафактілік өнімдерге қарсы күрестің нәтижесінде шетелдік аяқ киім брендтері Қазақстан нарығына ресми түрде шығуға белсенділік таныта бастаған. Бұл нарықтағы бәсекелестік пен сауда айналымының ашықтығына ықпал етеді.

Президент көмекшісінің айтуынша, аталған бастамалардың түпкі мақсаты — цифрлық экономиканы қалыптастыру. Бұл модельде тауарлардың қозғалысы нақты деректер негізінде бақыланып, цифрландырудың артықшылықтары қарапайым азаматтарға да қолжетімді болуы керек.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *