Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі технологиялық кәсіпкерліктің дамуы мен IT саласының экспорттық әлеуетіне тоқталды. Оның айтуынша, отандық IT-қызметтер экспорты 2025 жылы 1 млрд доллардан асқан, ал қазақстандық Higgsfield стартапының бағасы бір жыл ішінде 10 млрд долларға жеткен, деп хабарлайды Tech-news.
Мемлекет басшысы AI Journey 2026 конференциясында сөйлеген сөзінде Astana Hub технопаркінің нәтижелерін де атап өтті. 2019 жылдан бері орталыққа тіркелген компаниялардың жиынтық табысы 7 млрд долларға жуықтаған. Қазір технопарк аясында 2700 стартап пен технологиялық компания жұмыс істейді.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда алғашқы «жалғызмүйіз» стартап пайда болған. Бұл мәртебе нарықтық бағасы 1 млрд доллардан асатын жеке компанияларға беріледі. Президент ерекше атап өткен Higgsfield компаниясының негізін екі қазақстандық кәсіпкер қалаған. Оның бағасы бір жыл ішінде 10 млрд долларға жеткен.
Мемлекет басшысы цифрлық экономиканы дамытуда интернеттің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға басымдық беріп отыр. Оның пікірінше, онлайн кеңістік заңды кәсіп жүргізуге, табыс табуға және жаңа өнім жасауға жағдай қалыптастыруы керек. Осы мақсатта азаматтардың цифрлық құралдар арқылы жұмыспен қамтылуына бағытталған шаралар қолға алынуда.
Кадр даярлау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. AI-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңнан астам студент жасанды интеллект құралдарын тәжірибе жүзінде қолдануды үйреніп жатыр.
Сонымен қатар Тоқаев технологиялық дамуды тек инфрақұрылым мен мамандар санымен өлшеуге болмайтынын айтты. Елге экономиканың нақты қажеттіліктеріне жауап беретін төл технологиялық әзірлемелер қажет.
Осы бағытта Президент Астанада өткен Digital Bridge форумында AI Challenge бастамасын ұсынғанын еске салды. Жобаның мақсаты – кәсіпорындар мен бағдарламалық жасақтама әзірлеушілерін біріктіріп, өндірістегі нақты мәселелерге жасанды интеллект негізіндегі шешімдер табу. Тоқаев мұндай тәсілді Қазақстан мен Ресей арасындағы технологиялық ынтымақтастықта да қолдануға болатынын айтты.









