TechЭкономика

Қазақстан 2029 жылға дейін халық табысын арттырудың жаңа жоспарын әзірледі

Қазақстанда халықтың табысын арттыруға арналған жаңа төрт жылдық жоспар дайындалды. Құжат жалақы өсімінен бастап инфляцияны тежеуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және азаматтардың несие жүктемесін азайтуға дейінгі 59 нақты шараны қамтиды, деп хабарлайды Tech-news.

Ұлттық экономика министрлігі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 2026–2029 жылдарға арналған Кешенді жоспар жобасын ұсынды. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде әзірленіп, бұрынғы бағдарламаның мерзімі ұзартылып, жаңа экономикалық міндеттермен толықтырылған.

Жаңа жоспар алты негізгі бағыттан және 59 іс-шарадан тұрады. Негізгі мақсат – азаматтардың нақты табысын өсіру, сапалы жұмыс орындарын көбейту және экономикалық өсімнің игілігін халыққа кеңірек жеткізу.

Жалақы өсімі жалғасады

Соңғы бірнеше жылда бюджет саласында жұмыс істейтін 1,2 миллионнан астам қызметкердің жалақысы кезең-кезеңімен көтерілді. 2022–2025 жылдары әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 30%-ға, мұғалімдердің жалақысы 25%-ға, медицина саласы қызметкерлерінің табысы 20%-ға өсті.

Алдағы кезеңде ең төменгі жалақыны ұлғайту, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын индекстеу және табиғи монополиялар секторындағы өндірістік персоналдың табысын арттыру жоспарланып отыр.

Инфляция мен бағаға бақылау күшейеді

Үкімет халық табысының нақты өсіміне кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі ретінде инфляцияны атап отыр. 2025 жылдың қорытындысында номиналды табыс 10,2%-ға өскенімен, нақты табыс индексі 98,9% деңгейінде қалыптасты.

Осыған байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын 15 пайыздық сауда үстемесін бақылау жалғасады. Сонымен қатар кейбір теміржол тарифтерін төмендету, нарықтағы бағаны тұрақтандыру және бизнесті несиелеуді ынталандыру шаралары қарастырылған.

Несие жүктемесін азайту көзделіп отыр

Соңғы төрт жылда тұтынушылық несиелер көлемі қарқынды өсті. Егер 2022 жылы олардың көлемі 6,1 трлн теңге болса, 2026 жылдың басында бұл көрсеткіш 16,9 трлн теңгеге жеткен.

Бүгінде халықтың жалпы қарызы 27,5 трлн теңгені құрайды. Қазақстандықтардың кредиттік портфелі 8,95 миллион қарыз алушы мен 39,4 миллион несиеден тұрады. Яғни орта есеппен әр адамға 4,4 несие тиесілі.

Жоспар аясында мерзімі өткен қарыздарды қайта құрылымдау, несие бойынша тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу әдістемесін қайта қарау және қаржы ұйымдарының адал емес тәжірибелеріне қарсы талаптарды күшейту ұсынылады.

Дағды мен білімге басымдық беріледі

Министрлік еңбек нарығындағы басты мәселенің бірі ретінде мамандардың дағдылары мен экономика сұранысы арасындағы алшақтықты атап өтті.

Қазақстанда азаматтардың тек 4–5%-ы ғана біліктілікті арттыру курстарынан өтсе, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде бұл көрсеткіш шамамен 40%-ға жетеді.

Сондықтан колледждер мен кәсіпорындар арасындағы серіктестікті кеңейту, дуальды білім беру жүйесін дамыту және өндірістегі тәлімгерлік институтын күшейту жоспарланған.

Жыл сайын 240 мыңға дейін жаңа жұмыс орны

Жоспардың тағы бір маңызды бағыты – сапалы жұмыспен қамтуды арттыру. Үкімет еңбек өнімділігін көтеру, ірі кластерлік жобаларды іске қосу, агроөнеркәсіп саласындағы инвестицияларды ұлғайту және шағын бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын құруды көздеп отыр.

Жоспарға сәйкес, алдағы жылдары жыл сайын 240 мыңға дейін жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі.

Салықтық жеңілдіктер қайта қаралуы мүмкін

Құжатта ипотекалық қарыздар бойынша салықтық шегерімдерді қалпына келтіру мәселесі де қарастырылған. Ұсынысқа сәйкес, 2029 жылдан бастап ипотекалық пайыздар бойынша толық салықтық шегерім енгізу мүмкіндігі пысықталады.

Сондай-ақ «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы мемлекеттік қолдауды автоматты түрде көрсету және табысы төмен отбасыларға көмекті проактивті форматта ұсыну көзделіп отыр.

Қандай нәтиже күтіледі?

Үкімет жоспары жүзеге асқан жағдайда халық табысының өсімі инфляция деңгейінен 2–3 пайыздық тармаққа жоғары болады деп күтеді. Сонымен қатар ауылдық жерлерде 30 мыңнан астам микрокредит беру, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 8,2 млн теңгеге дейін жеткізу және экономикаға қажетті цифрлық әрі кәсіби дағдыларды дамыту жоспарланған.

Министрліктің бағалауынша, бұл шаралар кәсіпкерліктің дамуына, креативті индустриялардың өсуіне және қазақстандықтардың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *