Қазақстанда ауылдық шағын жинақты мектептердің білім беру процесіне жасанды интеллектті енгізуге арналған пилоттық жоба іске қосылды. 1 қыркүйектен бастап жобаға Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 мектеп қатысады, деп хабарлайды Tech-news.
Жаңа формат ауыл оқушыларына Астана қаласындағы жетекші педагогтердің сабақтарына қашықтан қосылуға мүмкіндік береді. Сабақтар ұлттық білім беру AI платформасы арқылы өтеді.
Пилоттық жобаны іске қосу Мемлекет басшысының орта білім беру жүйіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып отыр. Алғашқы сабақты Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің міндетін атқарушы Жаслан Мәдиев ашты.
Оның айтуынша, жаңа платформа оқушыларға білім алудың қосымша мүмкіндіктерін ұсынады, алайда технология мұғалім мен оқушының білімге деген ынтасын алмастыра алмайды.
Жоба аясында ауыл мектептерінің оқушыларына Астанадағы тәжірибелі педагогтер сабақ береді. Бұл үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының базасында арнайы студия жабдықталған.
Мұғалім сабақтарды тікелей эфирде өткізеді, ал ауыл мектептеріндегі оқушылар цифрлық платформа арқылы қосылады. Жергілікті педагогтер болса, сыныптағы оқушыларға көмектесіп, онлайн және офлайн оқыту процесін үйлестіреді.
Платформа тікелей эфирдегі сабақтарды, заманауи білім беру материалдарын және жасанды интеллект құралдарын бір жүйеге біріктіреді. Негізгі мақсат — ауыл мектептері оқушыларының білікті мұғалімдерге қолжетімділігін кеңейту және қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайту.
Жобаны әзірлеу кезінде жасанды интеллект саласының әлемге танымал сарапшысы, доктор Кай-Фу Лидің ұсынымдары да ескерілген.
Платформаны іске қосар алдында педагогтер арнайы дайындықтан өтті. 21–25 тамыз аралығында Астанада өткен бес күндік ALFA Kazakhstan Teacher Training Camp барысында мұғалімдер AI платформасымен жұмыс істеу және бірлескен оқыту моделін қолдану бойынша оқытылды.
Пилоттық жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Q.AI және 01.AI компанияларының бірлесуімен жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта платформа оқушылардың оқу нәтижелері мен мұғалімдердің және оқушылардың кері байланысы негізінде жетілдіріледі.
Пилот сәтті нәтиже көрсетсе, AI көмегімен оқыту форматы Қазақстанның басқа өңірлеріндегі мектептерге де кезең-кезеңімен енгізілуі мүмкін.










