Қазақстан цифрлық активтер нарығын дамыту мен AI инфрақұрылымын кеңейтуге бағытталған жаңа жобаларды таныстырды. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Binance негізін қалаушы Чанпэн Чжаомен (CZ) Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында кездесті, деп хабарлайды Tech-news.
Кездесуде Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту, жаңа технологияларды енгізу және есептеу инфрақұрылымын күшейту мәселелері талқыланды.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстан цифрлық активтерді реттеу кезеңінен нақты инфрақұрылым мен практикалық сервистерді дамытуға көшіп жатыр.
«Біздің міндетіміз – жаңа қаржы технологиялары экономиканың дамуына, инвестиция тартуға және жаңа цифрлық сервистердің пайда болуына жағдай жасау», – деді министр.
Сапар барысында Қазақстан делегациясы Alatau City аумағында жүзеге асырылатын CryptoCity тұжырымдамасын таныстырды. Сонымен бірге еліміздің жасанды интеллект саласындағы өңірлік хаб ретіндегі әлеуетін күшейтуге арналған Data Center Valley жобасы ұсынылды.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі Binance Pay мен Alatau City Bank арасындағы әріптестік болды. Бұдан бөлек, Binance Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және АХҚО-мен екі меморандумға қол қойды.
Алғашқы келісім цифрлық активтер, есептеу инфрақұрылымы және жаңа төлем шешімдері бағытындағы ынтымақтастықты қамтиды. Оның аясында Қазақстанда стейблкоин шығару мүмкіндігі, цифрлық активтер арқылы төлем жасау жүйесін дамыту және осы нарыққа қатысты салықтық әрі құқықтық тетіктерді жетілдіру жоспарланып отыр.
Екінші меморандум Инвестициялық салықтық-резиденттік бағдарлама аясындағы ынтымақтастыққа арналған.
Қазақстанға сапары кезінде Чанпэн Чжао Astana Hub жүзеге асырып жатқан технологиялық білім беру жобаларымен де танысты. Binance негізін қалаушы TUMO Astana және Tomorrow School орталықтарына барып, IT нарығына қажетті мамандарды даярлау бағытындағы жұмыстарды көрді.
CZ Қазақстандағы технологиялық жобалардың ауқымына жоғары баға берді.
«Технологиялар, білім беру, инфрақұрылым және қалалық ортаны біріктіретін жобалардың көлемі ерекше әсер қалдырады. Қазақстанның технологиялық экожүйесінің қалай дамып жатқанын өз көзіммен көру мен үшін маңызды болды», – деді Чанпэн Чжао.
Қол қойылған келісімдер Қазақстанның цифрлық активтерді реттеумен ғана шектелмей, енді оларды нақты экономикада қолдануға қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруға бет бұрғанын көрсетеді. CryptoCity, Data Center Valley және жаңа төлем шешімдері сияқты бастамалар елдің Орталық Азиядағы технологиялық және цифрлық қаржы орталығы ретіндегі позициясын күшейтуге бағытталған.










