Қазақстан соңғы бес жылда Еуразиялық даму банкі арқылы 5,2 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл көрсеткіш алдыңғы 15 жылдағы инвестициялар көлемімен шамалас және банк тарихындағы ең белсенді кезеңдердің бірі саналады, деп хабарлайды Tech-news.
Алматыда өткен Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) кеңесінің отырысында ұйымның 2025 жылғы жұмысы қорытындыланып, 2027–2031 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясы бекітілді.
Отырысқа мүше мемлекеттердің өкілдері қатысып, алдағы жылдардағы инвестициялық басымдықтарды талқылады. Кеңеске Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов төрағалық етті.
Биыл ЕАДБ құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде банк Еуразия кеңістігіндегі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыратын маңызды институттардың біріне айналды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ЕАДБ инвестициялық портфелінде жалпы құны 19,6 миллиард доллар болатын 326 жоба бар. Ал серіктестердің қаржысын қоса есептегенде, банк қолдау көрсеткен инвестициялардың жалпы көлемі 64 миллиард доллардан асты.
ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузовтың айтуынша, өткен жылы банк 2,6 миллиард доллар көлемінде инвестиция салған. Қаражаттың басым бөлігі энергетика, көлік-логистика және химия өнеркәсібі жобаларына бағытталған.
Банк соңғы жылдары тұрақты даму жобаларына да басымдық беріп келеді. Мәселен, «жасыл» жобалар портфелі бір жылда 17%-ға өсіп, 1 миллиард долларға жеткен.
Сонымен қатар Техникалық қолдау қоры мен Цифрлық бастамалар қоры су үнемдеу технологиялары, жасанды интеллект шешімдері және агроөнеркәсіп саласындағы жобаларға 40 миллион доллар бөлген.
Қазақстан ЕАДБ портфеліндегі ең ірі нарық болып қала береді. Қазіргі таңда банктің инвестициялық портфеліндегі еліміздің үлесі 4,2 миллиард долларды немесе жалпы көлемнің 65%-ын құрайды. Банк қатысуымен Қазақстанда 46 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Кеңесте талқыланған негізгі мәселелердің бірі — қолданыстағы даму стратегиясының жоспардан бұрын орындалуы болды. Бұған дейін 2022–2026 жылдар аралығында 10,9 миллиард доллар инвестиция тарту көзделсе, жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 12,2 миллиард долларға жетеді деп күтілуде.
Жаңа бесжылдық стратегияда көлік дәліздерін дамыту, өңдеу өнеркәсібін қаржыландыру және халықаралық капитал тарту басты бағыт ретінде белгіленді. Сондай-ақ технологиялық жаңғырту мен өңірлік интеграцияға ерекше назар аударылады.
ЕАДБ-ның 20 жылдығына арналған «Еуразия 2030+: инвестициялар, өсім және жаңа мүмкіндіктер» форумында сөйлеген қатысушылар өңірдің болашақтағы бәсекеге қабілеттілігі инновацияларға, адами капиталға және цифрлық технологияларға салынатын инвестицияларға тікелей байланысты екенін атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа стратегия Еуразия кеңістігіндегі ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетіп, өңір елдерінің экономикалық байланысын күшейтуге мүмкіндік береді.










