Қазақстандық IT-қызметтердің экспорты өткен жылы 1 миллиард доллардан асты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, отандық цифрлық шешімдер қазір әлемнің 100-ден астам елінде қолжетімді, деп хабарлайды Tech-news.
Президент AI & Digital Bridge 2026 форумында Қазақстанның цифрлық экономикадағы жетістіктерін атап өтті. Оның сөзінше, елдің технологиялық әлеуетін одан әрі арттыру үшін инновациялық стартаптарға қолдау көрсетіп, озық жобаларды нақты өндіріске енгізу қажет.
Тоқаев жасанды интеллектіні дамытуда жауапкершілік мәселесіне де тоқталды. Ол АҚШ-тағы жетекші технологиялық компаниялар арасында Суперинтеллект туралы келісім жасалғанын айтып, мұндай тәсілді басқа елдер де зерттеп, жаһандық деңгейде қолдану мүмкіндігін қарастыруға болатынын жеткізді.
Президенттің пікірінше, Қазақстан үшін келесі маңызды бағыттардың бірі — өнеркәсіпке арналған AI міндеттерінің нақты тізімін қалыптастыру. Бұл тізім абстрактілі технологиялық идеяларға емес, өндірістің нақты қажеттіліктеріне негізделуі тиіс.
Осы міндеттерді шешуге Қазақстандық және шетелдік командаларды тартатын AI Challenge өткізу ұсынылды. Байқауда тиімділігі дәлелденген жобаларды кейін өндірісте қолдану жоспарланып отыр.
Мұндай тәсіл AI әзірлемелерін тек тәжірибелік жобалар деңгейінде қалдырмай, нақты экономикалық міндеттерді шешуге бағыттауға мүмкіндік береді.










