Қазақстан Кітапханалар Одағы сала мамандарына арналған жаңа ақпараттық порталын іске қосты. kitaphanalarodagy.kz платформасында кітапхана ісіне қатысты заңдар мен нормативтік құжаттардан бастап, әдістемелік материалдар мен салалық жаңалықтарға дейін жинақталған, деп хабарлайды Tech-news.
Жаңа портал кітапханашылар мен сала мамандары үшін ортақ цифрлық алаң ретінде жұмыс істемек. Мұнда жаңалықтар, алдағы іс-шаралар, білім беру материалдары жарияланып, тәжірибе алмасуға арналған форум да қолжетімді.
Платформадағы маңызды бағыттардың бірі — «Зерделі ұлт» жобасы. Оның мақсаты кітап оқу мәдениетін дамыту, кітапханалардың қоғамдағы рөлін күшейту және ұлттық зияткерлік құндылықтарды насихаттау.
Портал кітапхана саласында цифрлық трансформация жүріп жатқан кезеңде іске қосылып отыр. Қазір Қазақстанда «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасы талқыланып, библиографиялық сипаттаудың халықаралық стандарттарын енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен бірге электрондық құжаттарды есепке алудың жаңа тетіктері әзірлене бастады. Кітапхана жүйесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын енгізу де саланың негізгі бағыттарының біріне айналып келеді.
kitaphanalarodagy.kz порталы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Пайдаланушылар қажетті ақпаратты іздеу жүйесі мен тақырыптық сүзгілер арқылы жылдам таба алады.
Порталға тіркелгеннен кейін жеке кабинет арқылы қосымша сервистерді пайдалануға мүмкіндік беріледі.
Жаңа платформа кітапхана мамандары үшін ақпарат жинайтын сайт қана емес, саладағы білім, тәжірибе және цифрлық құралдарды біріктіретін ортақ кәсіби кеңістікке айналуды көздейді.










