18 маусымда Астанада Disney&Pixar студиясының «Ойыншықтар хикаясы 5» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі арнайы көрсетілімі ұйымдастырылды. Іс-шара қазақша дубляжды қолдап жүрген қоғам өкілдерін, актерлерді, блогерлер мен медиа саласының мамандарын бір алаңға жинады, деп хабарлайды Tech-news.
Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен Disney&Pixar студиясының «Ойыншықтар хикаясы 5» анимациялық фильмінің қазақша нұсқасы алғаш рет жабық форматта көрсетілді.
Арнайы көрсетілімге қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, депутаттар, дубляж актерлері, блогерлер және БАҚ өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – қазақ тіліндегі сапалы контентті қолдау және дубляж мәдениетінің маңызын насихаттау.
Disney халықаралық нарыққа арналған фильмдерін ондаған тілге бейімдеп келеді. Компания жыл сайын өз жобаларының 40-тан астам тілдегі нұсқасын шығарады. Соңғы үш жыл ішінде студия қазақ тіліне 10-нан астам фильмді аударып, дубляждау жұмыстарын қаржыландырған. Олардың қатарында «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша», «Ақшақар», «Лило мен Стич» және «Аңдар шаһары 2» сияқты жобалар бар.
«Ойыншықтар хикаясы 5» фильміндегі кейіпкерлерді қазақ тілінде белгілі актерлер дыбыстады. Әбілмансұр Серіков Созалақ пен Пицца рөлдерін сомдаса, Бота Мия Доллидің, Асан Мәжит Тікенек мырзаның, Зарина Кәрмен Трикси мен Боннидің анасының дауысын жазған. Ал Рексті Шах-Мұрат Ордабаев дыбыстап, жобаға дубляж режиссері ретінде де жетекшілік етті.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы соңғы жылдары қазақ тіліндегі киноға деген қызығушылық айтарлықтай өскенін атап өтті.
Оның айтуынша, көрермендер арасында қазақша сеанстарға сұраныс артып келеді. Әсіресе ата-аналар балаларын ана тіліндегі фильмдерге жиі апара бастаған. Бұл қазақ тіліндегі контент нарығының қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
«Бүгін біз қазақша дубляжды қолдап жүрген тіл жанашырларын арнайы жинадық. Мұндай көрсетілімдердің мақсаты – қазақ тіліндегі сапалы мазмұнға деген қолдауды күшейту және көрермен назарын аудару. Соңғы жылдары қазақ тіліндегі фильмдерге деген қызығушылықтың айтарлықтай артқанын байқап отырмыз. Кинотеатрларға қазақша сеанстарға келетін көрермен көбейді, ата-аналар балаларын қазақ тіліндегі фильмдерге жиі алып келе бастады. Бұл – қазақ тіліндегі контент нарығының қалыптасқанын көрсететін маңызды өзгеріс. Әлемдік студиялардың қазақ тіліндегі дубляжға тұрақты түрде инвестиция салуы да осы сұраныстың нәтижесі деп ойлаймын. Сондықтанқазақ тіліндегі фильмдерді қолдауға шақырамыз», – деді Рауан Кенжеханұлы.
Соңғы жылдары қазақша дубляж тек мәдени бастама ғана емес, сонымен қатар жергілікті контент индустриясының маңызды бөлігіне айналып келеді. Ал ірі халықаралық студиялардың бұл бағыттағы жұмысы қазақ тіліндегі цифрлық және медиакеңістіктің дамуына қосымша серпін беріп отыр.










