TechОбщество

Қазақстанда әлеуметтік желілер қолданушының жасын өзі тексеруі мүмкін

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желідегі жеке аккаунттарына қолжетімділікті шектеу ұсынылып отыр. Жаңа механизм қабылданса, қолданушының жасын тексеру міндеті мемлекеттік органға емес, онлайн-платформалардың өзіне жүктелуі мүмкін, деп хабарлайды Tech-news. 

Бұл туралы Астанада өткен Халық кеңесінің алғашқы сессиясынан кейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова балалардың әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарына қатысты 16 жасқа дейінгі шектеуді көздейтін заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатқанын айтқан. Алайда бұл нормалар әзірге қабылданған жоқ.

Кочетовтің айтуынша, қазіргі заң жобасында екі негізгі бағыт қарастырылған. Біріншісі — 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желідегі жеке аккаунттарына қолжетімділікті шектеу. Екіншісі — пайдаланушының жасын растау тәртібі.

Ұсынылып отырған нұсқа бойынша, жас ерекшелігін тексеруді әлеуметтік желінің немесе басқа онлайн-платформаның өзі жүргізеді.

Вице-министрдің сөзінше, Қазақстан бұл механизмді әзірлеу кезінде басқа елдердің тәжірибесін де зерттеген. Кейбір мемлекеттерде қолданушылардың жасын тексеру міндетін мемлекет атқаруға тырысқан. Алайда мұндай тәсілді іске асыру барысында бірқатар қиындық туындаған.

Сондықтан Қазақстанда жауапкершілікті тікелей онлайн-платформаларға беру нұсқасы қарастырылып отыр. Егер норма заңда бекітілсе, механизмнің нақты тәртібі кейіннен нормативтік-құқықтық актілер арқылы реттелмек.

Жаңа шектеулер балалардың әлеуметтік желідегі шығармашылығына да қатысты сұрақ туғызды. Кочетовтің түсіндіруінше, ата-аналар балаларының жетістіктері мен шығармашылық жұмыстарын өз аккаунттары арқылы жариялай алады. Яғни ата-ананың парақшасында балаға қатысты контент орналастыруға тыйым салынбайды.

Вице-министр ұсынылып отырған өзгерістердің мақсаты балалардың шығармашылық мүмкіндігін шектеу емес екенін атап өтті. Негізгі мақсат — әлеуметтік желілердегі психологиялық қысым, кибербуллинг және басқа да қауіптерден балаларды қорғау.

Қазір бұл ұсыныстар заң жобасы деңгейінде қарастырылып жатыр. Нақты талаптар мен жас ерекшелігін тексеру тәртібі өзгерістер қабылданған жағдайда кейін анықталады.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *