Қазақстанда педагогтердің цифрлық жүктемесін азайту және білім беру жүйесін толық цифрландыру бағытында жаңа бастамалар қолға алынуда. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына берілген ресми жауапта айтылды, деп хабарлайды Tech-News.
Қазіргі таңда еліміз мектептерінде Kundelik, BilimClass, Bilimal және EDUS:Mektep сияқты төрт LMS-платформа қолданылып келеді. Олардың басты мақсаты — мұғалімдердің әкімшілік жұмысын автоматтандыру және есеп беру процестерін жеңілдету.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, LMS-жүйелер тоқсандық және жылдық бағаларды автоматты түрде қалыптастыруға, электрондық журнал жүргізуге, оқу материалдарын ортақ пайдалануға және бейнеконференция сервистерімен интеграция жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ведомство педагогтердің цифрлық платформалардағы жұмысын арнайы талдаудан өткізіп жатыр. Жұмыс тобына тәжірибелі мұғалімдер, әдіскерлер мен IT-мамандар тартылған. Олар тақырыптық жоспар толтыру, баға қою, үй тапсырмаларын бақылау сияқты күнделікті процестерді оңтайландыру жолдарын қарастыруда.
Министрлік “Цифрлық платформа педагог үшін” моделін әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Жаңа тәсіл LMS-жүйелердегі уақыт шығынын қысқартып, ақпаратқа жедел қолжетімділікті арттыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, Қазақстанда барлық білім беру деректерін біріктіретін Ұлттық білім беру платформасын құру мәселесі қарастырылып жатыр. Жоба аясында мемлекеттік қызметтер мен білім беру функциялары автоматтандырылып, жасанды интеллект технологиялары енгізілуі мүмкін.
Құжатта ChatGPT Edu жобасы да аталған. Ведомствоның мәліметінше, бұл бастама 200 мыңнан астам педагогке өздерінің AI-ассистенттерін тегін құруға мүмкіндік береді.
Министрлік мұндай шешімдер мұғалімдердің артық жүктемесін азайтып, олардың негізгі міндеті — білім беруге көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасайтынын атап өтті.










