Қазақстанда алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа тәсілін қолдана бастады. Олар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы «отбасылық тарифке» қосылып, бос орындарды пайдалануды ұсынып, арзан мобильді байланысқа уәде береді, деп хабарлайды Tech-news.
Алаяқтар осылайша пайдаланушылардың сеніміне кіріп, кейін арнайы сілтеме жібереді. Мамандардың айтуынша, мұндай сілтемеге өту қауіпті болуы мүмкін.
Себебі сілтеме арқылы смартфонға зиянды бағдарлама орнатылып немесе жеке деректер ұрлануы ықтимал. Кей жағдайларда қаскөйлер телефонды қашықтан бақылауға, банк қосымшаларына, әлеуметтік желідегі аккаунттарға және басқа да құпия ақпараттарға қол жеткізе алады.
Құрылғыға вирус жұққан жағдайда смартфонның жұмысы бұзылып, пайдаланушының жеке мәліметтері қауіпке ұшырауы мүмкін.
Осыған байланысты мамандар қазақстандықтарға бірнеше қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтауға кеңес береді:
- бейтаныс адамдар жіберген сілтемелерге өтпеу;
- шектен тыс тиімді көрінетін ұсыныстарға сенбеу;
- жеке және банк деректерін бөгде адамдарға бермеу;
- қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеу;
- смартфонға антивирус орнату.
Егер күмәнді хабарлама алсаңыз немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Сарапшылар цифрлық қауіпсіздік мәселесінде сақ болуға шақырады. Мамандардың пікірінше, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қаржыңызды да, жеке деректеріңізді де қорғауға көмектеседі.










