Астанада мемлекеттік органдардың басшылары мен өңір әкімдерінің қатысуымен жасанды интеллектке арналған стратегиялық семинар ұйымдастырылды. Іс-шара мемлекеттік басқаруда AI технологияларын енгізу мүмкіндіктерін талқылауға арналды, деп хабарлайды Tech-news.
«Жасанды интеллект Қазақстан үшін: негіздер, мүмкіндіктер және практикалық қадамдар» тақырыбымен өткен семинар Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өткізілді. Оның басты мақсаты — мемлекеттік сектор басшыларына AI технологияларының қазіргі деңгейін, оларды мемлекеттік қызметте, экономикада және әлеуметтік салада қолдану тәсілдерін таныстыру.
Бағдарлама барысында қатысушылар әлемдегі AI трансформациясының үздік тәжірибелерімен танысып, жасанды интеллектіні басқару процестеріне енгізудің ықтимал бағыттарын талқылады. Семинар мемлекеттік органдар арасында AI мүмкіндіктері туралы ортақ түсінік қалыптастыруға бағытталды.
Іс-шараның негізгі спикері — 01.AI компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі кеңестің мүшесі, халықаралық деңгейдегі AI сарапшысы доктор Кай-Фу Ли болды.
Семинарда жасанды интеллектінің мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, басқару шешімдерін қабылдауды жеделдету және цифрлық трансформацияны тиімді іске асырудағы рөліне ерекше назар аударылды.










