TechЭкономика

Қазақстанда кімдердің әкімшілік айыппұлдары кешіріледі?

Қазақстанда әкімшілік рақымшылыққа ілігетін азаматтар санаты нақтыланды. Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа заң жобасы күшіне енген жағдайда кімдердің айыппұлдары есептен шығарылатынын және бұл жеңілдік кімдерге қолданылмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Tech-news.

Бастама Мемлекет басшысы жариялаған ауқымды қылмыстық және әкімшілік рақымшылық аясында жүзеге асырылады. Осыған байланысты Сенат «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын және оған ілеспе заңнамалық түзетулерді мақұлдады.

Жаңа тәртіп бойынша әкімшілік айыппұлдан жеке тұлғалардың жекелеген санаттары босатылады. Олардың қатарында жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және заң консультанттары бар.

Сонымен бірге рақымшылық барлық азаматқа бірдей қолданылмайды. Заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, қандастар, шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар бұл тізімге кірмейді. Сондай-ақ сот тағайындаған әкімшілік жазалар мен қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздікке қатер төндіретін құқық бұзушылықтар да рақымшылықтан тыс қалады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің қарауындағы бірқатар салықтық құқық бұзушылықтарға да бұл жеңілдік жүрмейді. Атап айтқанда, салық салу объектілерін жасыру, салық төлеуден жалтару және салық сомасын әдейі төмендетіп көрсету фактілері бойынша салынған әкімшілік жазалар сақталады. Құзырлы орган мұндай әрекеттердің мемлекет бюджетіне елеулі шығын келтіруімен түсіндірді.

Сонымен қатар Үкімет микро және шағын бизнеске арналған шартты түрде «таза парақ» тетігін іске қосты. Оның аясында 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі негізгі салық берешегін толық өтеген кәсіпкерлердің өсімпұлдары мен айыппұлдары есептен шығарылды.

Бұл тәртіп Қаржы министрлігінің 2026 жылғы 13 ақпандағы бұйрығымен бекітілген. Соның нәтижесінде ӘҚБтК-нің 275-бабының бесінші бөлігі және 278-бабының бірінші бөлігі бойынша салынған өсімпұлдар мен айыппұлдар жойылды.

2026 жылғы 9 сәуірдегі дерекке сәйкес, 19 мың микро және шағын кәсіпкерлік субъектісі жалпы көлемі 13 млрд теңге болатын салық берешегін өтеген. Осыдан кейін оларға 4,4 млрд теңге өсімпұл және 4,9 млрд теңге айыппұл есептен шығарылған.

Қаржы министрлігінің алдын ала бағалауынша, заң күшіне енген жағдайда әкімшілік рақымшылық 2 370 адамға қатысты қолданылуы мүмкін. Жалпы есептен шығарылатын айыппұл көлемі 298,4 млн теңгені құрайды. Оның ішінде 448 жеке тұлғаның 72,7 млн теңге және 1 930 жеке кәсіпкердің 225,6 млн теңге көлеміндегі айыппұлдарын жою жоспарланып отыр. Құзырлы орган нақты көрсеткіштер заң ресми түрде қабылданып, күшіне енгеннен кейін белгілі болатынын атап өтті.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *