TechОбщество

Дропперлер арқылы 400 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған

Қазақстанда интернет-алаяқтардың ақшасын заңсыз айналымға шығаруға көмектесетін дропперлерге қатысты күрес күшейді. Бас прокуратураның мәліметінше, соңғы бес айдың ішінде осындай схемалар арқылы шамамен 400 миллион теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған, деп хабарлайды Tech-news. 

Дроппер — өз банк картасын немесе шотын үшінші тұлғаларға пайдалануға беретін адам. Алаяқтар мұндай шоттарды ұрланған қаражатты аудару, жасыру және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланады. 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Осы уақыттан бері Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша 700-ден астам қылмыстық іс тіркелген. Қазірдің өзінде 216 адам жауапқа тартылып, олардың 202-сіне сот үкімі шығарылған.

Заңға сәйкес, өз банк шотын басқа адамдардың пайдалануына беру немесе алаяқтық схемаларға байланысты ақша аударымдарына қатысу жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін.

Осындай істердің бірі Батыс Қазақстан облысында қаралды. Сот 19 жастағы жеті студентті кінәлі деп таныды. Олар өздерінің банк шоттарын бөгде адамдарға беріп, соның көмегімен 4 миллион теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Тергеу барысында бұл қаржының бір бөлігі зейнеткерлерден интернет-алаяқтық арқылы алынғаны анықталған.

Сот оларды үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесіп, қоғамдық жұмыстарға тарту және пробациялық бақылауға алу туралы шешім шығарды. Егер сот белгілеген талаптар сақталмаса, бұл жаза бас бостандығынан айырумен ауыстырылуы мүмкін.

Құқықтық жауапкершіліктен бөлек, дропперлердің банк шоттары бұғатталып, қаржы ұйымдары тарапынан қосымша шектеулер енгізіледі. Сондай-ақ лицензиясы жоқ криптовалюта платформаларын қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру үшін пайдаланған азаматтар да осындай тәуекелдерге тап болуы мүмкін.

Бас прокуратура азаматтарды банк карталары мен шоттарын бөгде адамдарға бермеуге, ал күмәнді операциялар байқалған жағдайда оларды дереу бұғаттауға шақырды. Ведомство өкілдері дропперлерді жай ғана делдал емес, интернет-алаяқтық схемасының толыққанды қатысушылары ретінде қарастыру керектігін атап өтті.

Сонымен қатар тергеуге өз еркімен көмектесіп, қылмыстық схемалар туралы дер кезінде хабарлаған азаматтар заңда көзделген тәртіппен қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *