Қазақстанның 11 өңірінде жалпы 20 мың жаңа оқушы орнына есептелген 13 заманауи колледж салу жоспарланып отыр. Жаңа нысандар техникалық және кәсіптік білім беру инфрақұрылымын жаңартуға және өңірлердегі орын тапшылығын азайтуға бағытталған, деп хабарлайды Tech-news.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді.
Қазір колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары қатар жүріп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 174 колледж қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылардың қолдауымен тағы 13 колледж жабдықталды.
Алайда министрлік мәліметінше, елдегі 143 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын шұғыл жаңарту қажет.
Осы мәселені шешу үшін 11 өңірде жаңа колледждер бой көтереді. Олардың заманауи инфрақұрылымы студенттерге кәсіби білімді жаңартылған жабдықтармен жұмыс істеу арқылы алуға мүмкіндік береді.
Жаңа нысандардың іске қосылуы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын азайтып қана қоймай, еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.









