Қазақстан соңғы жеті жылда цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамытумен қатар, IT және ғарыш технологияларын экспорттайтын елдердің қатарына жақындай түсті. 2019–2026 жылдар аралығында интернет қамтуы, IT-экспорт, цифрлық қызметтер және қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі айтарлықтай өскен, деп хабарлайды Tech-news.
Қазақстанның электрондық үкіметі халықаралық рейтингтерде де позициясын жақсартты. БҰҰ-ның 193 елді қамтитын көрсеткішінде ел 39-орыннан 24-орынға көтерілді.
Технология экспорты бойынша да өсім бар. Ғарыштық технологиялар экспорты нөлдік көрсеткіштен 70 млн долларға жетті. Ал IT-экспорт көлемі 38 есеге өсіп, 30 млн доллардан 1,142 млрд долларға дейін ұлғайды. Оның ішінде Astana Hub резиденттерінің экспорты 633 млн долларды құрады.
Цифрлық инфрақұрылым да кеңейді. Интернетпен қамтылған халықтың үлесі 84%-дан 98%-ға дейін өсті. Орташа интернет жылдамдығы 21 Мбит/с-тан 88–94 Мбит/с-қа жетті. Сонымен қатар елде 5G желісін енгізу жалғасып жатыр.
Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі де онлайн форматқа көшті. Цифрландырылған мемлекеттік қызметтердің үлесі 80%-дан 91%-ға дейін артты. Қазір цифрлық мемлекеттік қызметтердің 96%-ы смартфон арқылы қолжетімді.
Қолма-қол ақшасыз төлемдер нарығында да айтарлықтай өзгеріс болды. Мұндай операциялардың көлемі 14 есеге өсіп, 13,3 трлн теңгеден 186,3 трлн теңгеге дейін жетті.
Осы көрсеткіштер цифрландырудың Қазақстанда тек мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшірумен шектелмейтінін көрсетеді. Цифрлық инфрақұрылым біртіндеп IT-бизнесті дамытуға, технологиялық өнімдерді экспорттауға және экономиканың жаңа секторларын қалыптастыруға арналған базаға айналып келеді.










