Қазақстан Халық Кеңесінің 17 мүшесі Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жалпы 815 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетеді. Қаражат тікелей марқұмдардың отбасыларына беріледі, деп хабарлайды Tech-news.
Қайырымдылық бастамасына еліміздің әр өңірінен бизнес өкілдері қосылған.
Allur Group директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен Integra Construction KZ бас директоры Шахмурат Муталип қаза тапқан әр әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден бөледі.
SA Construction Group бас директоры Гаджи Гаджиев отбасыларға 100 млн теңге, ал Karazhal Operating компаниясының негізін қалаушы Жұмабек Жанықұлов 50 млн теңге аударады.
Бақыт Атайбеков, Дмитрий Лактюшин және Имамзада Шағыртаев 10 млн теңгеден береді. Геннадий Зенченко, Акбаржон Исмаилов, Александр Куприенко, Сырым Ертаев және Лугмар Буларовтың әрқайсысы 5 млн теңгеден көмек көрсетеді.
Бастамаға Николай Арсютин, Рафаил Гаджибалаев, Манас Ташыбеков, Латипша Асанов және Абдулла Исматуллаев та қосылды. Олар 1 млн теңгеден бөледі.
Бұл қаражат мемлекеттік қолдауға қосымша көрсетілетін қаржылай көмек болмақ.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Каспий жағалауында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілер теңізге кеткен. Кейін ресми деректер бойынша 12 әскери қызметші қаза тапқаны, үшеуі құтқарылғаны және тағы екі адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатқаны хабарланды.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстанда 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Оқиғаның себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылып, әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.










