TechЭкономика

Digital Qazaqstan 2029: Қазақстан AI арқылы экономикасын жаңғыртуды көздейді

Қазақстан 2029 жылға дейін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды экономика мен мемлекеттік басқаруға кеңінен енгізуді жоспарлап отыр. Бұл бағыт Digital Qazaqstan 2029 стратегиясының негізгі мақсаттарының бірі болады, деп хабарлайды Tech-news. 

Стратегияның басымдықтары 2 қазанда Астанада өтетін AI & Digital Bridge 2026 форумындағы «Digital Qazaqstan 2029: стратегиядан экономика мен мемлекетті түбегейлі жаңғыртуға дейін» панельдік сессиясында талқыланады.

Жоспар бойынша 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуға кететін орташа уақытты кемінде 50%-ға қысқарту көзделген. Сонымен бірге 2024 жылмен салыстырғанда IT-қызметтер мен цифрлық шешімдер экспортын екі есеге арттыру және жоғары технологиялық әрі цифрлық секторда кемінде 20 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

Өнеркәсіпте де өзгерістер қарастырылған. 2029 жылға дейін ірі өндіріс орындарының кемінде 60%-ында цифрлық телнұсқалар (digital twins) енгізу жоспарланған. Олар жабдықтағы ақауларды алдын ала анықтауға, өндірістің тоқтап қалуын азайтуға және процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Панельде стратегияның негізгі жобалары, іске асыру кезеңдері және олардың тиімділігін бағалайтын KPI көрсеткіштері таныстырылады. Талқылаудың басты тақырыптары — азаматтар мен бизнес үшін технологиялық өзгерістердің нақты әсері, жобалардың орындалу мерзімі және нәтижеге жауапкершілік.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев Digital Qazaqstan жобасын іске асырудың мемлекеттік тәсілін таныстырады. Оның баяндамасында AI-ды экономика салаларына енгізу, цифрлық платформаларды дамыту, деректер мен инфрақұрылымды пайдалану және мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру мәселелері қаралады.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов цифрлық трансформацияның медицинадағы әсеріне тоқталады. Медициналық деректерді біріктіру мен AI құралдарын қолдану арқылы ауру қаупін ертерек анықтау, диагностика дәлдігін арттыру және медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мүмкіндіктері талқыланады.

Бизнес тарапынан Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқұшев цифрлық экожүйелер мен мемлекеттік платформалардың өзара байланысы туралы пікір білдіреді. Ал Boston Consulting Group басқарушы директоры әрі серіктесі Михаил Волков жасанды интеллектіні енгізудің халықаралық тәжірибесі мен оның еңбек өнімділігіне әсерін талқылайды.

Пікірталасты Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Әлия Оспанова жүргізеді. Негізгі назар цифрлық жобалардың нақты нәтижеге қалай жеткізілетініне аударылады: мемлекеттік процестерді қайта құру, ведомстволар арасында деректер алмасу және мемлекеттік пен жеке сектор шешімдерінің үйлесімді жұмысы.

AI & Digital Bridge 2026 форумы 1–3 қазан аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтеді. 1 қазан жоғары деңгейдегі делегациялар мен технологиялық индустрия өкілдеріне арналған жабық бағдарламаға арналса, 2–3 қазанда форум билет иегерлері үшін ашық болады.

Форумды Astana Hub халықаралық инновациялық кластері Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен және Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырады.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *