«ҚазМұнайГаз» Шығыс Молдабек кен орнында жасанды интеллектке негізделген цифрлық телнұсқаны алғаш рет іске қосты. Жүйе мұнай өндіру сценарийлерін жылдам есептеп, бұрғылау жоспарын өзгерту арқылы 640 млн теңге үнемдеуге және өндірісті 45%-ға арттыруға мүмкіндік берген, деп хабарлайды Tech-news.
Жоба кен орнындағы мұнай қабатын цифрлық модель арқылы талдауға негізделген. Оның көмегімен жасанды интеллект игерудің 600-ден астам сценарийін есептеп шыққан.
Бұған дейін мұндай есептеулер бір айдан астам уақыт алса, цифрлық телнұсқа қажетті сценарийлерді алты күнде сараптайды. Модельдеу нәтижесінде бастапқы жоспардағы алты тік ұңғыманың орнына екі көлденең ұңғыма бұрғылау тиімді екені анықталған.
Осы шешімнің өзі компанияға 640 млн теңге көлемінде экономикалық тиімділік береді. Сонымен бірге мұнай өндіру көлемін 45%-ға арттыруға мүмкіндік бар.
Шығыс Молдабек кен орнында шамамен 14,8 млн тонна мұнай қоры бар. Алайда оның әзірге 36,7%-ы ғана игеруге тартылған. «ҚазМұнайГаз» цифрлық телнұсқаның көмегімен кен орнынан қосымша 161 мың тонна мұнай өндіруге болады деп есептейді. Бұл шамамен 16 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Жоба аясында онлайн бұрғылау мониторингіне арналған «цифрлық ұңғыма» және интеллектуалды басқару стансалары бар «цифрлық өндіру» жүйесі де енгізілді. Компанияның бағалауынша, бұл шешімдер өндірістік шығындарды 5%-ға дейін, ал еңбек шығындарын 15%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
«ҚазМұнайГаз» цифрлық телнұсқа технологиясын өндірудің шамамен 90%-ын қамтамасыз ететін 12 ірі кен орнына енгізуді жоспарлап отыр. Жобаны 2030 жылға дейін кеңейту нәтижесінде қосымша 2,9 млн тонна мұнай өндіру күтіледі.










