Қазақстанда жасанды интеллект құрылыс жобаларының мемлекеттік сараптамасына енгізіліп жатыр. Қазірдің өзінде ЖИ жобалық құжаттардың толықтығын 864 жоба бойынша тексеріп, бұл процестің уақытын орта есеппен 6 минутқа дейін қысқартты, деп хабарлайды Tech-news.
Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
ЖИ әзірге жобалық құжаттамада қажетті материалдардың бар-жоғын тексеруге қолданылады. Оның енгізілуі құжаттардың толықтығын тексеру мерзімін 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Жыл соңына дейін тағы үш ЖИ модулін іске қосу жоспарланып отыр. Олар құжаттармен қатар сызбаларды, инженерлік желілерді және сметаларды автоматты түрде тексеретін болады. Осылайша, жасанды интеллект мемлекеттік сараптаманың негізгі процестеріне кезең-кезеңімен енгізілмек.
Құрылыс саласындағы цифрландыру BIM технологиясын кеңінен қолдануды да қамтиды. BIM (Building Information Modeling) — ғимарат немесе нысан туралы негізгі ақпаратты бір цифрлық модельге біріктіретін технология. 1 тамыздан бастап мектептер, әуежайлар, тоннельдер мен көпірлер сияқты техникалық күрделі нысандарда оны қолдану міндеттелді.
2028 жылға қарай техникалық жағынан күрделі нысандардың барлығында BIM технологиясын пайдалану жоспарланған.
Жасанды интеллект өндіріс саласында да қолданылып келеді. Мысалы, KAZ Minerals кен байыту фабрикасындағы цифрлық телнұсқа мыс алу деңгейін 2%-ға, ал фабриканың жалпы өнімділігін 7%-ға арттырған. 2028 жылға дейін цифрлық телнұсқаларды ірі кәсіпорындардың кемінде 60%-ына енгізу көзделіп отыр.
Автомобиль өндірісінде ЖИ логистикадан бастап сапаны бақылауға дейінгі процестерге енгізілген. Соның нәтижесінде ақаулар саны 39%-ға азайып, өндірістік желідегі штаттан тыс жағдайларды анықтау уақыты 8 секундқа дейін қысқарған.
Өнеркәсіптік роботтандыру бойынша да инфрақұрылым қалыптасып жатыр. Farabi Robotics орталығында роботтарды сынақтан өткізу және автомобиль өнеркәсібімен тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде. Ал Astana Hub базасында робототехника бойынша зерттеу және мамандар даярлау алаңы жұмыс істейді.
Геология саласында цифрландырудың негізгі кезеңі аяқталған. Геологиялық ақпарат цифрлық форматқа көшіріліп, ашық қолжетімділікке шығарылды. Бірыңғай жер қойнауын пайдалану порталы арқылы мемлекеттік қызметтер де цифрлық форматта көрсетіледі.
Цифрлық аукциондар мен геологиялық ақпараттың қолжетімді болуы аукциондардан түсетін кірісті 7 есеге арттырған. Келесі кезеңде ЖИ геологиялық деректерді талдап, перспективалы кен орындарын анықтауға қолданылмақ.










