Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі шамамен 333 млрд теңгені құрайтын цифрлық инфрақұрылым жобалары жүзеге асырылуда. Солардың бірі — Астанада салынып жатқан, қуаты 100 МВт болатын AKASHI деректер орталықтары кампусы. Жоба аясындағы алғашқы ғимаратты 2027 жылдың төртінші тоқсанында іске қосу жоспарланған, деп хабарлайды Tech-news.
Бұл туралы Үкімет отырысында Freedom Cloud Holding компаниясының бас атқарушы директоры Аслан Жүсіпов мәлімдеді.
Жүсіповтің айтуынша, Қазақстанда қазір жеті деректер орталығы жұмыс істейді, тағы үшеуінің құрылысы жүріп жатыр. Елдегі талшықты-оптикалық байланыс желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 15 мың шақырымға жеткен.
Компанияның негізгі жобаларының бірі — Астанадағы AKASHI кампусы. Ол Tier IV халықаралық стандарты бойынша жобаланған. Бұл — деректер орталықтарының сенімділік деңгейін бағалайтын ең жоғары санат.
Қазір кампустың бірінші корпусының құрылысы 81%-ға орындалған. Нысанды 2027 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру көзделіп отыр. Жоба толық іске асқанда кампустың жалпы қуаты 100 МВт болады.
Премьер-министр цифрлық инфрақұрылымға арналған жобаларға мемлекет тарапынан, соның ішінде «Бәйтерек» холдингі арқылы қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
Үкімет басшысы құрылыс пен іске қосу жұмыстарының белгіленген кестеден кешікпеуін тапсырды. Сонымен қатар жобаларға бөлінген қаражаттың уақытылы қайтарылуын қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, Tier IV стандарты деректер орталығының жоғары сенімділігін білдіреді. Мұндай нысандарда жабдыққа техникалық қызмет көрсету немесе жекелеген жүйелер істен шығу кезінде де негізгі сервистердің жұмысын тоқтатпауға арналған резервтік инфрақұрылым қарастырылады.









