Қазақстан теміржол саласында вагондардың техникалық жағдайын автоматты бақылау жүйесі енгізіліп жатыр. KinetiX платформасы камералар мен машиналық көру технологиясы арқылы қозғалыстағы вагондарды тексеріп, ақауы бар құрамдарды алдын ала анықтайды, деп хабарлайды Tech-news.
Бұл туралы Үкімет отырысында «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Елжас Отыншиев мәлімдеді.
KinetiX жүйесі бұған дейін мамандар қолмен атқаратын техникалық бақылаудың бір бөлігін автоматтандырады. Пойыз қозғалысы кезінде камералар вагондарды түсіріп, машиналық көру алгоритмдері ықтимал ақауларды анықтайды. Тексеруді қажет ететін вагондар жүйе арқылы алдын ала белгіленеді.
Жүйе сегіз ай ішінде 1 млн-нан астам вагонды диагностикалады. Осы кезеңде 17,6 мыңнан астам ақау анықталған, оның 448-і қауіпті санатқа жатады.
ҚТЖ-ның бағалауынша, технология енгізілгеннен кейін пойыздарды техникалық тексеру уақыты 30%-ға, ал қол еңбегінің көлемі 70%-ға қысқарады.
Теміржол инфрақұрылымының өзін бақылауға арналған Smart Диагностика жобасы да іске асырылып жатыр. Ол жолдағы ақаулар мен ықтимал тәуекелдерді ерте анықтап, мәселе күрделенбей тұрып шара қабылдауға мүмкіндік береді. Жобаның 2030 жылға дейінгі экономикалық тиімділігі 100 млрд теңгеден асады деп күтіледі.
Бұл жүйелер ҚТЖ-ның тасымалдау процесін бірыңғай цифрлық ортаға көшіру жоспарының бір бөлігі. Компания магистральдық желіде LTE-R негізіндегі жеке Private 4G технологиялық байланыс желісін құрып жатыр. Ол Қазақстандағы 16 мың шақырымнан астам магистральдық теміржол желісін қамтуы тиіс.
Жаңа байланыс инфрақұрылымы автоматтандырылған басқару жүйелері мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге негіз болады. ҚТЖ бұл шешімдер тасымалдау процесінің тиімділігін 10–15%-ға арттырады деп есептейді.
Цифрландыру жолаушылар тасымалына да таралып жатыр. Қазір 1 500-ден астам вагон интернетпен жабдықталған. Starlink спутниктік байланысы 51 бағыттағы 108 пойыз құрамында іске қосылған.
Осылайша, қазіргі қозғалыс кестесіне сәйкес Қазақстан ішіндегі барлық жолаушылар пойыздары интернетке қосылған. Бұл қызметті жыл сайын 11 млн-нан астам жолаушы пайдалана алады.
Қазір ҚТЖ «Транстелекоммен» бірге жолаушыларға интернет ұсыну шарттарын пысықтап жатыр.










