Жапонияның аэроғарыштық зерттеулер агенттігі (JAXA) Үндістанмен бірлесіп жүзеге асырылатын Ай миссиясына арналған ровердің сынақ үлгісін көрсетті. Аппарат Айдың оңтүстік полюсін зерттеп, оның беткі қабатының астында болуы мүмкін су қорын іздеуге көмектеседі, деп хабарлайды Tech-news.
Lunar Polar Exploration деп аталатын бірлескен жоба Айдың оңтүстік полярлық аймағын зерттеуге бағытталған. Ғалымдардың болжамынша, бұл өңірде су мұзының қоры болуы мүмкін. Оны анықтау болашақта Айда ұзақ мерзімді зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Миссия аясында зерттеу және бұрғылау жабдықтарымен қамтылған роверді 2028 қаржы жылында ұшыру жоспарланып отыр. Аппаратты Айға жеткізу үшін Жапонияның H3 зымыран тасығышы қолданылады. Ал қону модулін әзірлеу міндеті Үндістанға жүктелген.
JAXA жасаған сынақ үлгісі Ай бетіндегі ұсақ шаң мен үгітілген тау жыныстарынан тұратын реголитте қозғалу мүмкіндігін тексеруге арналған. Сонымен қатар мамандар аппараттың бұрғылау технологияларын жетілдіріп, жер астындағы су қорын іздеу әдістерін сынамақ.
Алғашқы көрсетілім сынақтары 25 қарашада Токиодағы JAXA аэроғарыш орталығында өтті. Төрт тірекке орнатылған шынжыртабан механизмдері бар ровер тасты кедергілерден және Ай кратерін имитациялайтын ойыстан сәтті өтті.










